X желісіне қатысты тергеу: Еурокомиссия жаңа санкциялар енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссияның X желісін айыппұл салу туралы шешімге түсініктеме берген ЕК-ның технологиялық суверенитет мәселелері жөніндегі вице-төрайымы алдағы айларда тағы бірнеше шешім қабылданатынын хабарлады.

X желісіне қатысты тергеу: Еурокомиссия  жаңа санкциялар енгізбек
Фото: Pexels

Еурокомиссия ірі технологиялық компанияларға қатысты бірнеше тергеуді жақын уақытта аяқтап, X әлеуметтік желісіне салынған 120 млн еуро айыппұлдан кейін қосымша санкциялар енгізуі мүмкін. Бұл туралы ЕК-ның технологиялық суверенитет, қауіпсіздік және демократия мәселелері жөніндегі вице-төрайымы Хенна Вирккунен журналистерге айтты.

— Көптеген тергеу бойынша алдын ала қорытынды жарияланды, ендігі қадам — онлайн-платформаларға біздің талапты орындату, — деді ол.

Оның айтуынша, егер компаниялар талапты орындамаса, «ережелерді сақтамау туралы шешім» шығарылады, ол айыппұл салуды да қамтуы мүмкін.

5 желтоқсанда Еурокомиссия X әлеуметтік желісін 120 млн еуро көлемінде айыппұлға жыққан еді. Бұл — 2023 жылдың тамызында ЕО-да күшіне енген «Цифрлық қызметтер туралы» заң талаптарын бұзғаны үшін салынған алғашқы айыппұл.

Еуропалық реттеушінің мәлімдеуінше, желі верификацияланған аккаунттарға арналған «көк белгіні» қате қолданады. Бұл пайдаланушылардың аккаунтының шынайылығына әрі контенттің дұрыстығына күмән тудырады.

Сонымен қатар, микроблог сервисі жарнама ашықтығы талаптарын бұзып, реттеушілер ашық деректерге қол жеткізе алмайды.

Еурокомиссия X компаниясына «көк белгіге» қатысты ережелерді түзету үшін 60 күн, ал жарнама ашықтығы және деректерге қол жеткізу мәселелерін шешу үшін 90 күн мерзім берді.

Айыппұлдан кейін Илон Маск Еуроодақты таратуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар