XXII Қысқы Олимпиада ойындарында киетін киім үлгілері байқауының үздік үш жобасы анықталды

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық құрамасының 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өтетін XXII Қысқы Олимпиада ойындарына киетін киім үлгілері бойынша ашық байқаудың бірінші кезеңі аяқталды.
None
None

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлім етті.

Оның хабарлауынша, соңғы он күннің ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 19 жоба келіп түсті. Түркістандық дизайнер Мұрат Мәлікұлы алғашқылардың бірі болып өз өтінішін жолдады. Одан кейін Алматы, Атырау, Астана, Қостанай, Орал, Қарағанды және Жамбыл облыстарының жобалары түсе бастады. Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің ішінде АҚШ-тың Лос-Анжелес және Қытайдың Бейжің қаласында тұратын үміткерлер де бар. Олар - сол жақта оқып жатқан қазақстандық студенттер. «Байқаудың бірінші кезеңі бойынша біз үш жұмысты іріктеп алдық. Біріншісі - Бейжіңде оқып жүрген талдықорғандық Доу Гуан Чжоу Таистің жобасы, екіншісі - Атырау қаласындағы «Айоко Бо» сән үйінің жұмысы, ал үшіншісі - танымал «Зибру» компаниясының киім үлгілері. Қазіргі кезде осы жұмыстар www.sport.gov.kz сайтына шығарылды. Үш күн ішінде қазақстандықтар оларды бағалап, дауыс бере алады. Соның қорытындысы бойынша мамырдың 30-ы күні жеңімпаз анықталады», - дейді Д.Ахметшәріп. Жеңімпаз XXII Қысқы Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болса, 2-3-ші орын алғандарға олимпиадалық киім-кешек жиынтығы табысталады.

Соңғы жаңалықтар