«Əй, сен туғанда шешең қалжа жемеп пе еді?» - қазақтың салт-дәстүрі
АСТАНА. KAZINFORM – 16 наурыз - Наурызнама онкүндігнің үшінші күні – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Осыған орай назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынылады.

Қалжа беру дәстүрі
Қалжа – босанған анаға арнаулы мал сойып беретін ет пен сорпа.
Əйелдерді құрметтеп, қадірлейтін халқымыз аналар жүкті болғаннан бастап ерекше күтімдеп, оған «қалжа» деп күні ілгері еркек қой əзірлеп қояды. Жаңа босанған анаға «қалжа» берудің зор маңызы бар, яғни қалжаға сойған малдың бауыздау қанын сəл ағызып, қалған қанын таза ыдысқа құйып алып, оны шарбы маймен араластырып қуырып, жаңа босанған анаға, дəрі ретінде береді. Піскен мойынды бөлмей мұжып, «баланың мойны тез бекісін» деп биік бір жерге ілдіріп қояды. Асықты жілікті де мұжып, сорпаға қандырады. Міне, бұл «қалжа жеу» деп аталады.
Қалжа жеген əйелдер белін тез бекітіп, қол-аяғын бауырына алады. Түрлі ауру-сырқауларға қарсылық қуаты артады. Омырау сүті молайып, нəресте тез ширайды. Омырау сүтіне қанған бала есейгенде мықты болады. Сондықтан үлкен кісілер əлжуаз жігіттерді көргенде: «Əй, сен туғанда шешең қалжа жемеп пе еді?» – деп кейістік білдіреді.
Итжейде (иткөйлек) кигізу
Итжейде – дүние есігін ашқан нəрестенің алғаш киетін (қырқынан шыққанға дейін) көйлегі. Əдетте итжейдені «кіндік шеше» немесе «кіндік əке» болған адам нəрестеге жұмсақ кездемеден мол етіп, тігісін сыртына қаратып тігіп əке леді. Нəрестенің ата-анасы оған көйлек, шапан кигізіп, қалжаға сойған малдың терісі мен төстігін беріп қайтарады. Бала қырқынан шыққан соң, кіндік шеше, кіндік əкелері, адал көйлек деп ресми бағалы кездемеден көйлек тіктіріп əкеліп кигізеді.
Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.