Ядролық медицина: Елімізде 10 радиоактивті препарат өндіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қатерлі ісікті емдейтін жаңа препарат науқастарға оң әсер етіп жатыр. «Самария» радиоактивті дәрісін қабылдаған 8 пациент қазір қалыпты өмірге қайта оралды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы Айгүл Садуакасова
Фото: Jibek Joly

— Қазіргі таңда Қазақстанда әзірге жалғыз «Самария» атты препаратты енгіздік. Бұл дәрі онкологиялық науқастардағы сүйек метастаздарын емдеуге арналған және пациенттердің өмір сапасын едәуір жақсартады. Препаратты қабылдайтын адамдар құрамында есірткі бар немесе ауырсынуды басатын дәрілерге тәуелді болмайды. Бұрын Қазақстанда мұндай мүмкіндік болған емес, — дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы Айгүл Садуақасова.

Еліміз әзірге бұл препаратты шетелден сатып алып жатыр.

— Алдағы уақытта Ядролық физика институты оны Қазақстанда өндіруге дайындық жүргізіп жатыр. Біздің орталықта жыл сайын 10–12 мыңнан астам науқас диагностикадан өтеді. Ал Самарада емдеуді бастап кеттік. Онда препаратты енгізген науқастар 7-8 күнде жақсарғанын сезіп, қалыпты өмірге келіп жатыр, — дейді ҚР ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының басшысы.

Бүгінде елімізде өндірілетін радиоактивті препараттардың саны 10-ға жеткен.

— Жалпы, әлемде радиоактивті препараттардың түрі мыңнан асады, бірақ жетекші ядролық орталықтар көбіне 6–7-еу ғана өндіреді. Ал біз 10 препарат шығарып отырмыз және бұл көрсеткішті әрі қарай арттыруды жалғастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, біз онкологиялық диагностика саласын толығымен қамтыдық және енді Паркинсон мен Альцгеймер секілді ауруларды анықтау бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — дейді медицина ғылымдарының докторы.

Айгүл Садуақасова диагностикалық бағыттағы өзге де жетістіктерге де тоқталды.

— Қазақстанда бұрын болмаған балалардағы гиперинсулинизм ауруын диагностикалау жүйесін енгіздік. Осы диагностиканың арқасында 8 баланың өмірін сақтап қалдық. Бұл препараттар тек диагностикалауға арналған. Ал емдеуге қолданылатын — «Самария» препараты, — дейді спикер.

Айта кетейік, биыл 43 мыңнан астам қазақстандықтан қатерлі ісік анықталған.

Соңғы жаңалықтар