Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні жыл сайын жоғары деңгейде аталатын болады - БҰҰ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Бірінші Комитеті Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін құрған БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/35 қарарын жаңартуды бірауыздан қолдады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні жыл сайын жоғары деңгейде аталатын болады - БҰҰ

«Жаңа қарар жобасы Бас Ассамблея Президентінен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту және ілгерілету мақсатында жыл сайынғы жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс ұйымдастыруды сұрайды» делінген баспасөз баянында.

Қазақстан Республикасының бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды - Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күні ретінде бекіткен болатын. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлемдегі ауқымы жағынан екінші үлкен ядролық сынақ алаңы саналған Семей полигоны жабылды.

2010 жылдан бастап, осы күн әлемдік деңгейде кеңінен аталып, ал БҰҰ қабырғасында жыл сайын Бас Ассамблея Президентінің төрағалығымен бейресми отырыс өткізіліп отырды. Алайда мұндай жыл сайынғы шаралар Ассамблея Президентімен оларды ұйымдастыруға қажетті мандатсыз жүргізіліп келген болатын. Сол себепті Қазақстан тиісті мандатты қосу үшін осы жолы қарарға арнайы тармақ қосу туралы бастама көтерді. Онда Бас Ассамблея «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту және ілгерілету мақсатында Ассамблея Президентінен жыл сайынғы жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс ұйымдастырып отыруды сұрайтыны» қамтылды.

«БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қарарға аталған тармақты қосуға бірауыздан қолдау көрсетті. Осылайша әлемдік қоғамдастық ядролық сынақтарға толық тыйым салу үшін Халықаралық күннің өзектілігі туралы ұстанымдарының ортақтығын танытты. Осы әрекетімен дүниежүзілік қауымдастық бұл күннің ядролық сынақтар құрбандарына тағзым ету және  халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке төніп отырған орасан қауіп туралы адамзаттың есіне салу тұрғысынан маңыздылығын айшықтап өтті», делінген баспасөз баянында.

Бірінші комитет алдында сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров 29 тамыздың Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдері мен ядролық сынақтардан жапа шеккен миллиондаған адамдар үшін тарихи маңызын атап өтті. Ол әлемді ядролық сынақтарға толық тыйым салу жолындағы күресті бірауыздан және тегеурінді сеніммен жалғастыруға шақырды.

«Біздің тағдырымыз ортақ, сондықтан, Тұрақты Даму мақсаттарының терминологиясымен айтқанда, «еш нәрсе де ұмыт қалмауы тиіс». Ал қарусыздану тілімен сөйлесек, «бір-бірімізге қамқорлық танытуымыз қажет». Солай ғана барша адамзат пен қасиетті  планетамызды құтқара аламыз және адамзаттың қамы үшін бірінші кезекте ядролық қаруды сынауды түбегейлі доғару талап етіледі» - дей отырып, қазақстандық дипломат Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту дәстүрін жалғастыруға қолдау танытуды сұрады.

Сөз соңында Қ.Омаров жаңартылған жобаны әзірлеу бойынша бейресми консультацияларға белсенді қатысқан барлық мемлекеттерге, сондай-ақ оның 42 демеушісіне ерекше алғысын білдірді.

null