Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған 1,5 млн.-нан астам қазақстандықтың тағдырын жарымжан етті

Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар. 2012 жылы 29 тамыз күні «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарудан бас тарту Қазақстан үшін тәуелсіздікке жасаған шешуші қадам болды деп мәлім етті. Мемлекет басшысы сөз арасында өз аумағындағы ядролық сынақ полигонын ерікті түрде жапқан Қазақстанның негізгі үш мәселесіне баса назар аудартты. «Біріншіден, Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация соншалықты түсініксіз теория емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең», - деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ядролық радиацияның даланы, өзен-көлдерді улағанын айтып, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойғанына тоқталды. «Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған 1,5 млн.-нан астам қазақстандықтардың тағдырын жарымжан етіп, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді», - деді Н. Назарбаев. Бүгін Семей ядролық полигонының жабылған күні. ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлығымен қазақ даласын талқандап, талайдың жанына жазылмас жара салып келген Семей ядролық полигоны жабылды. Халыққа қаншама қасірет әкелген ядролық сынақ алаңын жабу арқылы қазақ елі әлем назарын өзіне аударды. Сөйтіп ядролық қарусыздануды қолдаған Қазақстан бейбітшілік жолын таңдауымен жаһанға таныла бастады. 1993 жылы Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қол қойды.
Елбасы «Алып ауқымды әлем және әлемдік қауіпсіздік» атты мақаласында: «Семей полигонында 40 жылда 450 сынақ жасалса, одан 1,5 миллион адам зардап шекті. Сондықтан мен 1991 жылдың 29 тамызында еш қобалжымастан Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығардым. Арада уақыт өте келе дәл осы күннің Қазақстан бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жариялануында терең нышандық мән бар. Қазақстан бейбітшілік сүйгіш сыртқы саяси бағыт ұстана отырып, МАГАТЭ-мен, Ядролық материалдармен қамтамасыз ету тобымен, Краков бастамасымен, Цангер комитетімен және Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамашылармен табысты ынтымақтасып келеді. Қазақстан ядролық материалдардың ықтимал сыртқа шығуын толық болдырмау мақсатында ОМУ-ды таратпау жөніндегі ұлттық комиссия құрды. Оның құзыретіне ядролық циклге қатысты барлық мәселелер кіреді» деп атап көрсетті.