11:05, 28 Мамыр 2010 | GMT +5
Ярослава Шведова әлемнің сегізінші ракеткасы Агнешка Радьвансканы жеңді
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) рейтингінде 36-шы орында тұрған қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Францияның Ашық чемпионатында үшінші айналымға шықты.
Қазақстанның бірінші ракеткасы бейсенбі күні болған кездесуде әлемнің сегізінші ракеткасы Агнешка Радьвансканы (Польша) жеңді, деп хабарлады Қазақстанның Теннис федерациясының баспасөз қызметінен. Матч 7:5,6:3 есебімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі екі кездесуде Радваньска басымдық танытқан болатын. Айта кету керек, Агнешка Радваньска - WTA сериясының Америка мен Еуропада өткен көптеген турнирлерінің жеңімпазы.
Қазақстандық спортшының ендігі қарсыласы - ресейлік Алиса Клейбанова. WTA рейтингінде 28-ші орында тұрған ресейлік теннисші кеше серб спортшысы Ана Ивановичті үйіне қайтарған болатын.