АСТАНА. KAZINFORM – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі дүниесінің ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің рухани-мәдени қазынасына айналған бірегей сәулет туындысы.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform
XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен бой көтерген бұл алып кешен ғасырлар бойы сопылық ілімнің, рухани тәрбиенің және исламдық дүниетанымның орталығы болып келеді. Алайда көпшілік кесенені тарихи ескерткіш немесе сәулет өнерінің үлгісі ретінде ғана таниды. Ал оның қабырғаларына қашалған эпиграфикалық жазулардың астарында терең философиялық мән мен тұтас рухани бағдарлама жатқанын екінің бірі біле бермейді.
Шығыстанушы ғалым, «Ясауитану ғылыми орталығының» басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Ясауи кесенесіндегі жазулардың жай ғана сәндік өрнек емес екенін ерекше атап өтті.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform
Ғалымның айтуынша, кесене алыстан батыс қапталынан қарағанда «Алла» сөзіне ұқсас силуэт қалыптастырады. Бұл – сәулет пен жазудың астасқан ерекше үйлесімі. Жалпы, нысанның ішкі-сыртқы бөлігінде араб және парсы тілдерінде жазылған көптеген мәтін бар. Оларды шартты түрде төменгі, орта және жоғарғы белдеу деп үш қабатқа бөліп қарастыруға болады.
Оның айтуынша, бұл – адам өмірінің мәнін, рухани жетілу жолын және ислам философиясының негізгі ұстанымдарын бейнелейтін тұтас жүйе.
– Көп адам кесенеге келгенде оның биік күмбезіне, көгілдір қыштарына, сәулеттік әсемдігіне назар аударады. Бірақ қабырғадағы жазулардың бәрі белгілі бір мағынамен орналастырылғанын аңғара бермейді. Бұл – тасқа қашалған ілім. Егер адам осы жазулардың мазмұнын түсіне алса, онда кесененің шынайы рухани құндылығын да тани бастайды, – дейді ғалым.
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform
Кесене ұзындығы 65 метр, ені 46,5 метр болатын, 35 бөлмеден тұратын аса күрделі архитектуралық кешен. Оның құрамында қазандық, мешіт, кітапхана, көрхана, асхана, құдықхана секілді арнайы бөлмелер орналасқан. Ғалымның сөзінше, бұл бөлмелердің өзі кездейсоқ жоспарланбаған. Әр кеңістіктің өзіндік рухани және тәрбиелік қызметі бар.
– Кесененің құрылымына қарасаңыз, мұнда адамның тәні мен жаны қатар қамтылғанын байқайсыз. Мысалы, асхана – тән азығының белгісі болса, мешіт пен кітапхана – жан азығының нышаны. Адам тек физикалық тұрғыдан емес, рухани жағынан да толысуы керек деген идея берілген, – дейді Сайпулла Моллақанағатұлы.
Оның айтуынша, кесене құрылымы тұтас бір рухани сатыға құрылған. Төменгі бөлік материалдық әлемді білдірсе, ортаңғы бөлік иман мен рухани тәрбиені меңзейді, ал жоғарғы қабат Жаратушыға жақындау идеясын бейнелейді.
фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform
Кесененің төменгі бөлігінде жұлдыз пішіндес геометриялық өрнектер өте көп кездеседі. Сырт қарағанда олар қарапайым ою секілді көрінуі мүмкін. Бірақ зерттеушінің түсіндіруінше, бұл өрнектердің астарында терең философиялық мән жатыр.
– Жұлдыз – физикалық әлемдегі ең биік нышандардың бірі. Бірақ соның төменгі бөлікте орналасуы кездейсоқ емес. Бұл адамның рухани жолы алдымен материалдық дүниеден басталатынын көрсетеді. Адам әуелі өмірдің қиындықтарын, тіршіліктің заңдылықтарын таниды, содан кейін ғана рухани ізденіске бет бұрады, – дейді ол.
Ғалым мұндай символдардың сопылық дүниетаныммен тығыз байланысты екенін айтады. Сопылық ілімде адам нәпсісін тәрбиелеу арқылы ғана рухани кемелдікке жетеді. Сондықтан кесенедегі әрбір өрнек адамның ішкі тәрбиесіне бағытталған астарлы мағына береді.
фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform
Ортаңғы қабатта орналасқан жазулар кесененің негізгі идеялық өзегін құрайды. Мұнда куфи жазуымен «Алла – Раббым», «Мұхаммед – пайғамбарым», «Аллаһу әкбар» секілді сөздер жүзден астам рет қайталанып берілген.
Сайпулла Моллақанағатұлы бұл қайталаулардың да өзіндік мәні бар екенін айтады.
– Исламда зікір деген ұғым бар. Белгілі бір сөзді қайта-қайта айту адамның жүрегіне әсер етеді. Бұрынғы ғұламалар “сөзді жүз рет қайталау – оның жүрекке бір рет орнығуына себеп болады” деп айтқан. Сондықтан мұндағы қайталаулар – жай көркемдік тәсіл емес, рухани тәрбие құралы, – дейді ол.
фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform
Ортаңғы бөліктегі Х тәрізді композициялар да ерекше назар аударады. Ғалымның сөзінше, бұл белгілер шексіздік ұғымын білдіреді.
– Мұнда Алланың мәңгілігі мен адамның рухани ізденісінің шексіздігі бейнеленген. Адам өмір бойы ізденеді, өзін тәрбиелейді, рухани тұрғыдан өсуге ұмтылады. Бұл жолда адам ешқашан тоқтамайды деген мағына береді, – дейді зерттеуші.
Кесененің жоғарғы бөлігінде Құран Кәрім аяттары жазылған. Әсіресе Әнам сүресінен алынған үзінділер жиі кездеседі. Бұл аяттарда Жаратушының шексіз ілімі мен адам әрекетінің толық бақылауда екені баяндалады.
Ғалым бұл жазулардың адамға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады.
– Аяттардың мазмұнына қарасаңыз, “бір жапырақтың түсуі де Аллаға мәлім” деген ой айтылады. Бұлайша адамның әрбір әрекеті, әрбір ісі есептеулі деген түсінік беріледі. Бұл – өте үлкен тәрбие, – дейді Сайпулла Моллақанағатұлы.
фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform
Оның пікірінше, кесенедегі жазулардың басты мақсаты – адамды қорқыту емес, жауапкершілікке шақыру.
– Адам өз өмірінің, әр әрекетінің мәнін түсінсе, ол жамандық жасаудан да, әділетсіздіктен де аулақ болады. Кесенедегі аяттардың тәрбиелік мәні осында, – дейді ол.
Батыс қабырға эпиграфикалық жүйенің бастау нүктесі саналады. Мұнда Әнам сүресінің 59–63-аяттары жазылған. Сонымен қатар кесененің салыну кезеңі, құрылысқа қатысқан шеберлер туралы мәліметтер де кездеседі.
– Бұл қабырға тек діни мазмұн ғана емес, тарихи ақпарат та береді. Кесене қабырғалары бір жағынан рухани мәтін болса, екінші жағынан сол дәуірдің тарихи құжаты іспетті, – дейді ғалым.
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform
Солтүстік қасбеттегі жазулар өзін-өзі тану философиясына арналған. Мұнда «Я Алла, Я Рахман, Я Рахим» деген дұғалық сөздермен қатар, «Пенде жоспарлайды, Алла шешеді», «Кім өзін таныса, Раббысын таниды» деген мазмұндағы хадистер мен нақылдар жазылған.
Сайпулла Моллақанағатұлы бұл сөздердің сопылық дүниетанымдағы маңызына ерекше тоқталды.
– Сопылық ілімде адамның өзін тануы – ең маңызды мәселе. Адам өз әлсіздігін, өз шектеулілігін түсінген кезде ғана Алланың шексіз құдіретін ұғына бастайды. Сондықтан “Кім өзін таныса, Раббысын таниды” деген сөз бекер айтылмаған, – дейді ол.
Ғалымның сөзінше, «Пенде жоспарлайды, Алла шешеді» деген тіркес те адамды әрекетсіздікке емес, керісінше еңбек етуге шақырады.
– Бұл жерде адам әрекет етуі керек, ізденуі керек, талпынуы керек деген ой бар. Бірақ нәтижені толық бақылау адамның қолында емес екенін ұмытпау қажет, – дейді зерттеуші.
Шығыс қасбетте ислам сенімінің негізгі ұғымдары берілген. Мұнда «Алла – жаратушы», «Алла – ұлық», «Мұхаммед – елші» секілді тіркестер түрлі эпиграфикалық стильде өрнектелген.
– Көп адам мұны жай өрнек деп ойлайды. Бірақ оның әрқайсысы нақты мәтін. Мұнда ислам дүниетанымының қысқаша формуласы берілген деуге болады, – дейді ғалым.
Кесене күмбездеріндегі жазулардың арасында «дүние өткінші» деген мағынадағы сөздер ерекше орын алады. Бұл сөздердің ең биік жерге жазылуының өзі үлкен символикалық мәнге ие.
– Мұның мағынасы – дүниеден безу емес. Исламда бай болуға тыйым салынбайды. Бірақ байлық адамның жүрегін билеп алмауы керек. Байлық қолда болуы мүмкін, бірақ жүректе болмауы тиіс деген ой айтылған», – дейді Сайпулла Моллақанағатұлы.
Кесенедегі ағаш және металл есіктердің өзі жеке өнер туындысы саналады. Олардың бетіне «Әулиенің есігі – бақыттың кілті», «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз», «Тәубеге келуге асығыңыздар» деген хадистер мен нақыл сөздер жазылған.
Ғалымның пікірінше, бұл жазулар адамды ізгілікке, білімге, уақыттың қадірін түсінуге шақырады.
– Ясауи ілімінің негізінде тәрбие жатыр. Адамның жүрегін тазарту, нәпсіні тәрбиелеу, білімге ұмтылу, қоғамға пайдалы болу секілді ұғымдар кесененің әр бөлігінде көрініс тапқан, – дейді ол.
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform
Кесененің орталық бөлігі саналатын қазандықта орналасқан Тайқазан да ерекше рухани мәнге ие. Оның айналасындағы жазуларда «Үкім Аллаға тән», «Дұрыс жол көрсетуші – Алла» деген сөздер берілген.
– Тайқазан – бірліктің символы. Бұрын мұнда жиналған адамдарға су таратылған. Бұл адамдардың теңдігін, ортақ рухани кеңістікте бірігуін білдіреді, – дейді зерттеуші.
Сайпулла Моллақанағатұлының айтуынша, Ясауи кесенесі – тек өткеннің мұрасы емес. Ол бүгінгі адамға да бағыт-бағдар беретін рухани мектеп.
– Кесенедегі барлық жазуды бір жүйе ретінде қарау керек. Төменгі қабат – материалдық әлем, ортаңғы қабат – иман мен рухани тәрбие, жоғарғы қабат – Жаратушыға жақындау идеясын білдіреді. Бұл – адам өмірінің толық моделі. Сондықтан Ясауи кесенесі жай ғана архитектуралық нысан емес, тасқа қашалған рухани бағдарлама, – дейді ғалым.
Осылайша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық жазулары ғасырлар бойы сақталған құпия ілімнің көрінісі ретінде бағаланады. Ол жазулар өткен дәуірдің үнін ғана жеткізбейді. Олар бүгінгі адамға да өзін тануды, рухани тазалықты сақтауды, білімге ұмтылуды, жауапкершілікпен өмір сүруді үйрететін мәңгілік тағылым көзі болып қала береді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды «Qoja Ahmet Yasaui» орденімен марапаттап, «Qoja Ahmet Yasaui» ордені Әзірет сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат екенін айтқан еді.