Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ясауи кесенесі маңындағы Цитадель қорғаны бұзылып жатқаны рас па

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы Цитадель қорғанында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты әлеуметтік желілерде видео тарады.

Ясауи кесенесі маңындағы Цитадель қорғаны бұзылып жатыр ма
Фото: Қазқайтажаңарту РМК

Арнайы техниканың жұмысын көрген желі қолданушылары тарихи нысан бұзылып жатыр деген алаңдаушылық білдірді.

Қазқайтажаңарту РМК-ның мәліметінше, аталған аумақта тарихи ескерткішті сақтау және бастапқы келбетін қалпына келтіруге бағытталған ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар қорғанды бұзу үшін емес, оны ұзақ жылдарға сақтап қалу мақсатында қолға алынған.

Ясауи кесенесі маңындағы Цитадель қорғаны бұзылып жатқаны рас па
Фото: Қазқайтажаңарту РМК

Цитадель қамалы қабырғасының шығыс бөлігін қалпына келтіру жұмыстары биыл шілде айында басталған. Соңғы жылдары республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің осы бөлігінде жарықтар пайда болып, сылақтарының мүжілуі байқалған.

Ясауи кесенесі маңындағы Цитадель қорғаны бұзылып жатыр ма – Қазқайтажаңарту түсініктеме берді
Фото: Қазқайтажаңарту РМК

Қазқайтажаңарту РМК филиалының директоры Нұртулла Бекбергеновтің айтуынша, жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің келісімімен жоспарлы түрде іске асырылып жатыр.

— Соңғы 2-3 жыл бойы тұрақты мониторинг жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша қамал қабырғасының жыл сайын 10-15 сантиметрге ығысып бара жатқаны анықталды. Осыған байланысты биыл Қазқайтажаңарту РМК ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бастады. Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі, ал апаттық учаскенің жалпы ұзындығы — 40 метр. Қалпына келтіру барысында іргетасы нығайтылып, кірпіштері мен шлакоблоктары қайта қаланады. Жұмыстарды биыл қараша-желтоқсан айларында аяқтау жоспарланып отыр, — деді Нұртулла Бекбергенов.

Реставрация жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне байланысты аумақ уақытша қоршалып, ақпараттық тақтайшалар орнатылған. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы келушілерден уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады.

Ясауи кесенесі маңындағы Цитадель қорғаны бұзылып жатыр ма – Қазқайтажаңарту түсініктеме берді
Фото: Қазқайтажаңарту РМК

Бұған дейін Ясауи кесенесі аумағына шетел азаматтары үшін кіру билеттерінің бағасы өскені туралы жазған едік. 

Сондай-ақ Ясауи кесенесінің күмбезіндегі жағдайға қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігі түсініктеме бергенін хабарлаған болатынбыз.