Ясауи кесенесінің күмбезін реставрациялау қалай жүріп жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезінде ғылыми реставрация жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазқайтажаңарту» РМК сәуір айында жүргізген кешенді зерттеу барысында күмбездің глазурьленген қабатының беріктігі әлсіреп, жекелеген бөліктеріндегі жарықтардың ұлғайғаны анықталған. Осыған байланысты сыртқы қаптаманың өздігінен құлау қаупінің алдын алу үшін ғылыми реставрациялау жұмыстары басталды.
Жұмыстар ғылыми зерттеу қорытындылары негізінде халықаралық мәдени мұраны сақтау стандарттарына сәйкес және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қадағалауымен жүзеге асырылып жатыр.
– Реставрацияланып жатқан глазурьленген қабат кесененің түпнұсқа құрылымына жатпайды. Күмбездің тарихи конструкциясы бүгінге дейін толық сақталған. Глазурьленген қабат қорғаныш әрі сәулеттік қызмет атқарып, күмбездің түпнұсқасын жауын-шашыннан, қатты желден, күн радиациясынан және өзге де сыртқы факторлардың әсерінен қорғайды, – деп хабарлады «Қазқайтажаңарту» РМК.
Ведомство мәліметінше, алдағы барлық шешімдер кешенді зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып қабылданады. Бұл ретте тарихи құрылымға барынша аз араласу қағидаты басшылыққа алынады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстаннан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне алғаш болып енгізілген тарихи-мәдени ескерткіш. Осыған байланысты нысанның тарихи құндылығын, бірегейлігі мен тұтастығын сақтау мемлекеттік мәдени мұраны қорғау саласындағы басым міндеттердің бірі саналады.
Бұған дейін Ясауи кесенесіндегі Цитадель қамалы қабырғасының шығыс бөлігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ кесене аумағындағы келушілер жүретін негізгі аймақтың 1 шақырымға жуығы мөлдір әйнекпен қоршалып жатқанын хабарладық.