Ясауидің тағлымды ойлары мен хикметтері түркі халықтарының баға жетпес байлығы — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Ясауидің тағлымды ойлары мен хикметтері түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Түркістан — атажұртымыздың мызғымас темірқазығы, «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан өңіріндегі Әзірет сұлтан кесенесі рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды. Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Ясауидің тағлымды ойлары мен хикметтері түркі халықтарының баға жетпес байлығы екенін баса айтты.
— Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидың гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз. Қазір елімізде Адал азамат, Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз — ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Президент ТМҰ бейресми саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына барған болатын.