Йемен қарулы күштері бір тәулікте хуситтерге қарсы 133 операция жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM — Йемен қарулы күштері соңғы 24 сағат ішінде елдің әртүрлі аймағындағы «Ансарулла» қозғалысының (хуситтер) позициялары мен нысандарына қарсы 133 операция жүргізді. Бұл туралы Йемен қарулы күштерінің өкілі, полковник Маджид Абдалла ан-Назили АҚШ-тың X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.
Ан-Назилидің айтуынша, соққылар майдан шебінің әртүрлі учаскелеріндегі хуситтердің позицияларына жасалған. Операциялар барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары, артиллерия және дүркін-дүркін атылатын зымыран жүйелері қолданылған.
Ал Йеменнің ресми SABA агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Йемен президенттік басқару кеңесінің төрағасы Рашад әл-Алими бастаған жиын өтті. Оған кеңес мүшелері мен жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.
Жиында Йемен премьер-министрі Шаи Мохсен әз-Зиндани де бой көрсетті. Кездесуде соңғы уақытта хуситтермен қақтығыстардың жиілеп кетуі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша хуситтердің шабуылдарына байланысты әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ қозғалысқа қарсы әуе соққылары мен зымырандық операциялардың қарқынын арттыру жоспарланды.
Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Йеменде қауіпсіздік жағдайы нашарлағанын мәлімдеған болатын.