Йемен парламенті жаппай мобилизация жариялауды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Йеменнің Өкілдер палатасы хуситтермен арадағы шиеленіс аясында елде жаппай мобилизация жариялауды мақұлдады, деп хабарлайды SABA.

Йемен
Фото: Сgtn.com

Шешім парламент спикері Сұлтан әл-Бараканидің төрағалығымен бейнеконференция форматында өткен кеңейтілген отырыста қабылданды.

Бұған дейін Йемен Президенттік басшылық кеңесінің төрағасы әрі Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Рашад әл-Алими парламентке жаппай мобилизация жариялау туралы өтініш жасаған.

SABA мәліметінше, шешім бейбіт тұрғындарды, республикалық құрылыс пен конституциялық заңдылықты, сондай-ақ елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында қабылданған.

– Жаппай мобилизация Конституцияға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Шешім жарияланған сәттен бастап күшіне еніп, оны қабылдауға негіз болған жағдайлар тоқтағанға дейін қолданылады, – делінген хабарламада.

Парламент саяси күштерді ұлттық бірлікке және іс-қимылды үйлестіруге шақырды. Сонымен қатар депутаттар Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясын қолдайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін хуситтердің Сауд Арабиясы аумағына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы бірнеше рет соққы жасағаны, ал Сауд Арабиясының Йемен аумағына әуе соққыларымен жауап бергені хабарланған.

Сондай-ақ Эр-Рияд қолдайтын Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметінің күштері Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы бірқатар маңызды позициядан айырылған.

Йемендегі қарулы қақтығыс 2022 жылдан бері қалыптасқан салыстырмалы тыныштықтан кейін қайта жанданды.

Айта кетейік, хуситтер Сауд Арабиясының Йеменге 28 рет әуе соққысын жасағанын мәлімдеді.