Йеменде референдум алдында екі жылдық өтпелі кезең басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Йеменнің Оңтүстік өтпелі кеңесінің төрағасы Айдарус аз-Зубейди жұма күні елде екі жылдық өтпелі кезеңнің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Йемен
Фото: Anadolu

Бұл кезеңде кеңес елдің оңтүстік аймақтарында әкімшілік басқаруды жүзеге асырады, ал одан кейін Йеменнің оңтүстігінің тәуелсіздігі туралы референдум өткізу жоспарланып отыр.

Оңтүстік өтпелі кеңеспен байланысты AIC телеарнасы арқылы жасаған үндеуінде Айдарус аз-Зубейди бұл шешімнің, оның айтуынша, халықтық мандатқа, сондай-ақ өңірдегі қауіпсіздік пен әкімшілік саладағы соңғы оқиғаларға байланысты қабылданғанын айтты.

— Екі жылдық өтпелі кезең Оңтүстік Йемен мемлекетінің тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы конституциялық декларацияны қабылдаумен аяқталады, — деді ол. 

Оның айтуынша, бұл құжат 2028 жылғы 2 қаңтарда күшіне енуі тиіс.

Аз-Зубейдидің сөзінше, өтпелі кезеңнен кейін халықтың өзін-өзі анықтау жөніндегі референдумы өтеді. Ол халықаралық деңгейде мойындалған нормаларға сай, бейбіт әрі ашық тетіктерді қолдану арқылы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар ол 2028 жылға жоспарланған конституциялық декларация белгіленген мерзімнен бұрын күшіне енуі мүмкін екенін де атап өтті. Бұл Оңтүстік өтпелі кеңестің үндеулері ескерусіз қалса немесе Оңтүстік Йеменнің халқы, аумағы не күштері әскери агрессияға ұшыраған жағдайда жүзеге асуы ықтимал.

— Барлық нұсқа күн тәртібінде қала береді, — деді ол.

Сауд Арабиясы қолдайтын Йемен үкіметі әзірге Оңтүстік өтпелі кеңестің бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Бұдан бұрын Йеменде билік пен оңтүстіктегі күштер арасындағы қақтығыс ушыға түскенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар