Йемендегі қақтығыс: 46 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды
АСТАНА. KAZINFORM — Йеменнің оңтүстік-батысында өткен аптада хуситтер мен үкімет күштері арасындағы қақтығыстар қайта өршіп, кемінде 46 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
ХКҰ мәліметінше, қоныс аударғандар саны сағат сайын артып келеді. Өткен түні көптеген тұрғын заттарын алып, Моха қаласынан кеткен. Аптаның басында Қызыл теңіз жағалауындағы стратегиялық маңызды порт хуситтердің бақылауына өткен.
Йемендегі хуситтер мен Сауд Арабиясы бастаған коалиция қолдайтын үкімет әскерлері арасындағы қақтығыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Бірнеше жылдан бері орнаған тыныштықтан кейін биыл шілдеде Йемен қайтадан соғыс жағдайына түсті. Ел ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін басталған өңірлік қақтығысқа ұшырады.
Өткен аптада Йеменнің оңтүстік-батысында болған қақтығыстардан екі тараптан да жүздеген адам қаза тапты. БАҚ мәліметінше, қаза тапқандардың басым бөлігі — қарулы күштердің өкілдері.
Хуситтер мен Сауд Арабиясы күштері арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты үкімет әскерлері жұма күні Баб әл-Мандеб бұғазындағы аралда орналасқан әскери базадан шегінді. Хуситтер осы аймақта Сауд Арабиясының кемелеріне шабуыл жасауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Халыққа гуманитарлық көмек жеткізу қиындады
— Кейбір отбасылар бұл қақтығыс басталғалы бері екінші немесе үшінші рет қашуға мәжбүр болып отыр. Олар қолындағы дүниесінің барлығынан айырылды, — деді ХКҰ бас директоры Эми Поуп.
Оның айтуынша, қақтығыс аумағы кеңейген сайын тұрғындарға қажетті көмекті жеткізу де қиындап барады.
Оңтүстік-батыстан келген жаңа қоныс аударушылар Лахж және Аден провинцияларына жетіп жатыр. Кейбір тұрғындар солтүстікке, Ибб провинциясына қарай бет алған.
ХКҰ мәліметінше, ұрыс қимылдары елді мекендерге жақындаған сайын Таиз провинциясындағы Макбана, Жабал-Хабаши және Әл-Маафер аудандары іс жүзінде бос қалған.
Моха мен Таиз қалаларын жалғайтын әрі негізгі жүк жеткізу жолы саналатын бағыт жабылып қалды. Соның салдарынан өңірдегі қоныс аударушыларды қабылдап жатқан қауымдастықтарға түсетін салмақ артып отыр.
ХКҰ қақтығыс тараптарын гуманитарлық көмектің қауіпсіз әрі кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырды. Ұйым сондай-ақ ел бойынша гуманитарлық қызметкерлер мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көмек жеткізуге қажетті көлік жолдарын қалпына келтіру қажет екенін атап өтті.
Бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар
Қақтығыстың ушығуынан бейбіт тұрғындар көз жұмды. БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының мәліметінше, ай басынан бері 14 тұрғын, оның ішінде екі бала қаза тапты.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 6-24 тамыз аралығында Йеменнің жеті провинциясында 67 адам қаза тауып, 288 адамның жараланғанын хабарлады. Зардап шеккендер елдің әртүрлі аймақтарында тіркелген.
Денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсті
Қайта басталған қақтығыстар онсыз да әлсіреген Йеменнің денсаулық сақтау жүйесіне орасан зор салмақ түсіріп отыр.
Мариб, Хадрамаут және Таиз провинцияларындағы ауруханаларға жарақат алған науқастар көп келіп жатыр. Жедел жәрдем, хирургия және жансақтау бөлімдері жараланғандарға лық толы.
ДДҰ мәліметінше, Йемендегі медициналық мекемелердің небәрі 60 пайызы толыққанды жұмыс істеп тұр. Оларға қажетті ресурстар жетіспейді. Мариб орталық ауруханасында жараланғандарды емдеуге қажетті ресурстарды босату үшін перзентхана мен акушерлік бөлімдерді уақытша жабуға тура келген.
Айта кетейік, БҰҰ Бас хатшысының Йемен жөніндегі арнайы өкілі Ханс Грундберг Қауіпсіздік Кеңесінде елдегі жағдайдың күрт нашарлағанын мәлімдеді.