Yгiт-насихат материалдарын Қазақстан аумағынан тысқары жерлерде дайындауға тыйым салынады - ҚР ОСК

Қ.Тұрғанқұлов өз сөзінде ол сайлау заңнамасының үгіт науқанын жүргізуді реттейтін негізгі ережелерін еске салды. Оның атап өтуінше, барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
«Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға, үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады», - деді ол.
Ортсайлауком басшысы үгіт кезеңінде саяси партиялар мен кандидаттардың митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және басқа да сайлауалды іс-шараларды ұйымдастыруына және өткізуіне рұқсат етілетінін атап көрсетті. Бірақ заңнамаға сәйкес осы тәрізді іс-шаралар оларды өткізуге дейін 10 күн бұрын жергілікті атқарушы билік органдарымен келісілуі тиіс.
Қ. Тұрғанқұлов сайлау туралы заңның ережелерін бұзғандарға заңмен белгіленген жауапкершілік қолданылатынын еске салды.
Жергілікті атқарушы органдардың үгіт жүргізу кезеңіндегі негізгі міндеттерінің арасында ҚР ОСК Төрағасы үгіт материалдарын орналастыру үшiн уақтылы түрде орындар белгiлеуді және оларды стендтермен, тақталармен жарақтандыруды, сондай-ақ партиялар мен кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай беруді атады. Бұл орайда үй-жайларды беру шарттары барлық партиялар мен кандидаттар үшін бірдей және тең болуы қажет.