Ынтымақтастық - дамуға кепіл - Сайын БОРБАСОВ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемдегі ең қуатты держава Америка Құрама Штаттарымен татулық, ынтымақтастық және әріптестік қатынастарында болуды мақсат тұтады. АҚШ пен достық байланыста болу елдің геосаяси және геоэкономикалық мығымдылығының кепілі деп есептелінеді. Себебі АҚШ әлемдік экономиканың 30 пайызға жуығын иемденіп отыр, деп жазады «Ана тілі» газеті.
None
None

Оның валютасы ХХ ғасырдың 40 жылдарын басып әлемдік қаржылық айырбастағы негізгі валюта. Сонымен қатар АҚШ әлемдік қуат ресурстарының 40 пайызын пайдаланып келе жатқан алып ел. 15 триллион долларға жуық жиынтық ішкі өнім өндіретін АҚШ қуаты ең озық, тиімді технологияларды пайдалануға негізделген. Бұл алып елдің алып экономикасы ұдайы шикізат пен қуат көздеріне зәру. АҚШ-тың неоимпериалистік сыртқы саясаты «американ халқының ұлттық мүдделерін қорғау» ұранымен жүргізіліп келеді. ХХ ғасырдың соңында бұл саясаттың құрбандығына Ирак, Ауғанстан, Югославия, Судан, Ливия, Сирия сияқты мемлекеттер айналды. Әлемдік терроризм қаупі, «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғау» ұранымен АҚШ билігі әлемнің кез келген нүктесінде өзінің мүдделік мәселелерін шешуге ұмтылуда.

Американың сыртқы саясаттық басымдылықтарын оның Қазақстанда геосаяси, геоэкономикалық және геостратегиялық мүдделері бар екендігін анық көрсетеді. Әсіресе, 2001 жылғы қыркүйекте Нью-Йорк қаласында болған, алапат террористік актілерден кейін АҚШ басшылығы Ауғанстанда жақын орналасқан Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше ден қойды. Сонымен бірге АҚШ Қазақстанның мұнай-газ нарығында шешуші ойыншы болуды қалай отыра өз инвестициялармен Қазақстан экономикасының осы саласына бағыттады.
АҚШ Қазақстанмен экономика және қауіпсіздік салаларында нақты байланыс­тар орната бастады. АҚШ экономикасы үшін жаңа қуат көздерін іздеу зәрулік. Себебі 2001-2020 жылдар аралығында бұл елдің мұнай өнімдерін тұтынуы 33 пайызға көбеймек. Сондықтан АҚШ-қа мұнайды алудың түрлі альтернативті, балама жолдарын іздестіру маңызды. Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай мен газды импорттау емес, басқа мем­ле­кеттердің сутекті қорларын пайдалану қажеттігі туындауда. 2011 жылы Қазақстан әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойынша 9-орынды иемденеді.
АҚШ Қазақстанның мұнай-газ секторымен қатар түсті металдар мен уран өнімдеріне де қызығушылық танытады. Сондықтан АҚШ компаниялары алдағы 10 жылда Қазақстанға жыл сайынғы тікелей инвестициялар көлемін 20 млрд долларға жеткізбек. АҚШ әсіресе ­Кас­пий­­дың аса бай газ қорларын игеруді мақсат етеді. Каспий аймағына кіру арқылы АҚШ Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Түркіменстан сияқты мемлекеттерге өз ықпалын күшейтпек. Осымен қатар Иран мен Ресейдің Каспийдің мұнай-газ қорларына деген үстемдігін шектемек. Қазақстанның көмірсутекті қорларын игеру АҚШ-қа экономикалық жағынан ғана емес, саяси жағынан да ұтымды. Ол өзінің бәсекелестері Ресей мен Қытайдың дәл қасында отырып энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік алуда. АҚШ Иран мен Ресейге соқпайтын мұнай-газ құбырларының болуына мүдделі. Қытайдың Орта Азияға экономикалық экспанциясын азайтуды да көздейді. Осы себептерге байланысты Қазақстан АҚШ-тың сыртқы саясат доктринасында маңызды басымдылықтардың біріне айналды.
АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруларды таратпау мәселесіне қатысты да ынтымақтасуға мүдделі. Елдің Ауғанстанға жақын орналасуы да оның наркотрафикке және халықаралық терроризмге қарсы күрестегі рөлін арттырады. АҚШ Қазақстанда бар бейбіт ядролық технологиялар мен құрал-жабдықтардың әлемдік қауіпті күштерге қолды болып кетпеуіне мүдделі. Әсіресе, террористік топтар-осындай «екінші бөлшектерді» пайдалануға мүдделі. АҚШ Ауғанстандағы Талибан қозғалысын күйретуге мүдделі. Себебі әлемдік қауіпке айналған тәлибтер «Әл-Кайда» террористік ұйымның әлеуметтік-саяси тірегіне айналды. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскері мен Батыстың каолиция күштері бұл елдегі жағдайды реттеу­ге қауқарсыз болып шықты. Сондықтан АҚШ билігі Ауғанстан мәселесін бейбіт реттеуді қолдайтын Қазақстан сияқты мемлекеттердің мәлімгерлік, бейбітшілік миссиясына зәру. Бұл ретте Қазақстан біршама нақты ұсыныстармен шықты. Ауғанстанға экономикалық, азық-түлік көмегімен қатар кадрлер даярлауда көмек көрсетілуде.
Екі мемлекет саяси, сауда-эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-техникалық кооперация арқылы өндірісті әртараптандыру мәселелерінде ынтымақтасуды тереңдете беруді жоспарлады. АҚШ университеттеріне қазақстандық студенттердің оқуына кең көлемде жағдай туғызылатын болды.

Сайын БОРБАСОВ, 
саяси ғылым докторы, 
профессор

Соңғы жаңалықтар