YouTube жаңа AI-функциясын ресми түрде іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — YouTube видеохостингі жасанды интеллект негізінде жеке бейне таспаларын жасауға мүмкіндік беретін жаңа функцияны іске қосты. Бұл туралы Android Authority-ге сілтеме жасап, 24kg жазды.
Жаңа мүмкіндікті пайдалану үшін қолданушы өзіне қызықты контентті сипаттайтын мәтіндік сұраныс енгізсе жеткілікті. Осы мақсатта YouTube басты бетке арнайы Your custom feed батырмасын орналастырған. Оны басқан кезде промпт енгізуге арналған мәтіндік өріс ашылады.
Google компаниясының анықтама парақшасында айтылғандай, пайдаланушылар белгілі бір тақырыптағы видеоларды көрсету туралы өз сұранысын жаза алады немесе жасанды интеллект ұсынған дайын нұсқалардың бірін таңдай алады.
Жасалған жеке таспаны интерфейстің жоғарғы бөлігіне бекітуге болады. Қажет болған жағдайда оны оңай өңдеп, жаңа бейне топтамасын жасау мүмкіндігі де қарастырылған.
Айта кетейік, бұл функция тестілік режим емес, толыққанды ресми релиз ретінде іске қосылып отыр. Алғашқы кезеңде мүмкіндік АҚШ-тағы аккаунтқа кірген қолданушыларға мобильді және компьютерлік құрылғыларда біртіндеп қолжетімді болады.
Функцияның дұрыс жұмыс істеуі үшін аккаунт баптауларында іздеу және көру тарихын сақтау мүмкіндігі қосулы болуы керек. Қазіргі уақытта интерфейс тек ағылшын тілін қолдайды.
Егер алгоритм сұранысты дұрыс өңдемесе, қолданушылар бейне таспасының жанындағы үш нүкте мәзірі арқылы әзірлеушілерге кері байланыс жібере алады.
Айта кетейік, TikTok пен YouTube Ұлыбританияда жасөспірімдер үшін әлі де қауіпті деп танылып отыр.