Ырғызға газ келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Ырғыз ауданының орталығында газ тарату станциясының іске қосылу салтанатына қатысты. Ел егемендігінің ширек ғасырлық тойына орайластырылған мерекелік шарадан бөлек, өңір басшысы аудан орталығы мен Қызылжар ауылдық округіндегі халықпен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп жазады «Ақтобе» газеті.

Ырғызға газ келді

Осылайша, «ҚазТрансГаз» АҚ Ырғыз ауданының орталығындағы көшеаралық және жеткізуші газ құбырының құрылысын аяқтап, 6 мың тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Бұл мақсатта автоматтандырылған газ тарату станциясы, блокты газ реттеу пункті, 38 шкафты газ реттеу пункті, 164 шақырым жеткізуші газ құбыры мен ұзындығы 53 шақырымды құрайтын көшеаралық газ құбыры салынды. Бұл инвестициялық жоба Ұлттық оператордың облыстың елді мекендерін газдандыру және газ тарату жүйелерін жаңғырту аясында жүзеге асырылған. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

- Биыл Қазақстан үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын атап өткелі отырмыз. Осы 25 жылда еліміздің жеткен жетістіктері көп. Әсіресе, халықаралық деңгейде абыройымыз өсіп келеді. Егемендік алған күннен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты қандай қиындықтар болмасын, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып жатыр. Міне, соның жарқын куәсі - Кеңес Өкіметі кезінде болмаған газ Ырғызға келіп жетті.

Бүгінде облыстың барлық аудандарына газ келді. Ақтөбе өңірінің 92 пайыз халқы газбен қамтамасыз етіліп отыр. Осының барлығы еліміздің экономикасының дамып, мемлекет басшысының өзінің халқына жасаған қамқорлығының нәтижесінде іске асып отыр. 

Осы құрылысқа 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Енді жылдың соңына дейін кемінде 250 үй, 30-дан астам мекеме газға қосылады. Одан кейін үйлер дайындығына байланысты бірте-бірте газға қосылатын болады. Ендігі ойымыз - газ құбырының бойында орналасқан 4 елді мекенді де қамтысақ деп отырмыз.

Жалпы, жылдан-жылға Ырғыз ауданындағылардың жағдайы жақсарып келеді. Оған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы да әсер етуде. Суармалы жерлер, егін, көкөніс, мал - осының барлығын көбейте берсек, біздің жағдайымыз жаман болмайды. Сіздердің аттарыңыздан «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының басшылығына алғысымды айтамын, - деді.

Одан соң «ҚазТрансГаз» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев,  еңбек ардагері Нұрқасым Сәрсенбайұлы, т.б. жүрекжарды лебіздерін білдіріп, аудан тұрғындары атынан Амантай Нұрбаев ақсақал ақ батасын берді. Жоғарыда аталғандармен бірге Бердібек Сапарбаев сол жерде газ бұрандасын бұрап, оны салтанатты жағдайда іске қосты.

Көптен күткен қуанышқа кенелгендердің бірі - Асқар Орынбасаровтың шаңырағына Бердібек Машбекұлы арнайы барып, олардың енді қосылған газ плитасында дайындалған дәмнен ауыз тиді. Отағасы - 4 баланың әкесі бұрынғыдай екі пеш жағып, қапшық-қапшық күл шығарудан ақыры құтылғанына ризашылығын білдіріп, ел игілігі үшін еңбек еткен жауапты мамандарға алғысын жеткізді. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ 19 миллиард теңгені құрайтын меморандумға қол қоятынын, соған сәйкес 2020 жылға дейін барлық елді мекен газбен қамтылатынын тілге тиек етіп, бұл Президенттің жүргізіп отырған саясатының жемісі екенін қосты.

 

Ауылдарда учаскелік полицей жетіспейді.

Жаңа цехтар ашылады 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов аудан орталығындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.

- Ауылға облыс прокуроры, департамент басшылары күнде келе бермейді. Сондықтан құқық қорғау, заңға қатысты сұрақтарыңыз, шешілмей жүрген мәселелеріңіз болса, мүмкіндікті оңтайлы пайдаланыңыздар, - деген өңір басшысының сөзінен кейін ауыл тұрғыны Терек Қарғабаев ауданда учаскелік полицейлердің жетіспейтінін, соның салдарынан мал ұрлығының тыйылмай тұрғанын айтты. Бұл сауалға сол бойда аудандағы жауапты маман ондай мәселенің шынымен барын, қазіргі таңда екі елді мекенде учаскелік полицейдің жоқтығын растады. Дегенмен, оның сөзінше, бұл - уақытша қиындықтар. Көп ұзамай ол ауылдарға тәртіп сақшыларының тұрақты қызметке баратынын жеткізді.

...Баршасына сөз сөйлеп, микрофон ұстауға мүмкіндік берілгендіктен болар, одан кейінгілердің барлығы ыстық ықыласын білдірумен, жерлестерін газға қол жеткізгенін құттықтаумен, жеке басының мәселесін айтумен шектелді. Тіптен бір қария арнау өлеңін оқып, ерекшелік танытты. Тақырыптан тыс жолданған ұсыныс-тілек, өзге де туындыларды тыңдаған Бердібек Сапарбаев көңілді реңкте өткен жиынды былай қорытындылады:

-  Біз неге ешкіні ұмытып кеттік? Бұл жануарды көбейтуді қойдық. Ол жылына екі рет төлдейді, әр туғанда егізден туады. Оның еті, сүті қандай! Қоян өсіруге де ден қоюымыз керек. Тек жылқы, қойға қарап отыруға болмайды.

Сонымен бірге, ол көп ұзамай әр ауданда ет, сүт өңдейтін цехтардың ашылатынын хабарлады. «Бұл компанияларға да, осындағы жұртшылыққа да тиімді болады. Бұрынғыдай цехтардың жұмысын жандандыруымыз керек. Қол қусырып отыруға болмайды», - деп ойын түйіндеді ол.

Айта кетейік, кездесуге облыстық департамент басшылары, облыстық мәслихат депутаттары да қатысты.

Одан бөлек, қаладан келген топ ауылдағы биыл ғана ашылған «Нұр» балабақшасының жұмысымен танысты. 120 кішкентайға шақталған мектепке дейінгі ұйымда 20 адам еңбек етеді. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік бойынша салынған балабақша барлық талаптарға сай келеді.

Арыз-шағымдар тыңдалды

Түс ауа Бердібек Сапарбаев Қызылжар ауылдық округіне арнайы барып, ондағы мектеп, мешіттің аужайын көрді. Соңғысында - Алланың үйіндегі имам жұма сайын жамағаттың келетінін, бірақ олардың соншалықты көп еместігін жеткізді. Облыс әкімінің «Шамамен қанша адам келеді?» - деген сауалына дін қызметкері:

- 20 адамнан астам, - деп күбірледі. Бұны естіген өңір басшысы бұл өте аз екенін, жастарды имандылыққа тартуда көнекөз қариялардың бір кісідей атсалысып, қалыс қалмауы керектігін ескертті. Артынша имамнан: «Сізге жалақы төлей ме, қалай?» деп сұраған Бердібек Машбекұлына тақиялы атай іркілместен: «Жоқ, мен зейнеткермін ғой» деп жауап берді. Аудан әкіміне Бердібек Сапарбаев:

- Бұлай болмайды. Осы жерде отырып, мешітке бас-көз болғаны үшін 40-50 мың теңге төлеп отыру қажет, - деді.

Дәстүрге сай, бұл ауылдық округте де жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, жалпы айтары тыңдалды.

Темірбек Зейінов судьялардың жұмысына ренішін білдіріп, олардың отырысы ашық әрі жариялы түрде болса деген тілегін жеткізсе, Шәрбану Бақтыбаева балабақшада от жағушы болып жұмыс істеген күйеуінің екі айлық жалақысының ала алмай жүргенін айтып, араша сұрады. Соңғы екеуінің де арызы аяқсыз қалмайтынын білдірген облыс әкімі еңбек етуге, лажы болса мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды. Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев ауылға жеткен газды да оңтайлы пайдаланып, бұның кәсіп бастауға, әсіресе жол бойындағы қызмет көрсететін орталықтарды ашуға үлкен мүмкіндік екенін айтты.