Ысмағұл Мырзабеков қос майданда да алдыңғы шептен көрінген еді...
АСТАНА. ҚазАқпарат - Саналы ғұмырында бар күш-жігерін елі үшін жұмсап, өзгелердің сый-құрметіне бөленген азаматтар жеріміздің әр қиырында бар.
Солардың бірі - Ысмағұл Мырзабеков, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. 1900 жылы Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданындағы Зормата ауылында өмірге келген Ысмағұл Уашұлы қызметке ерте бастан араласып, еңбек жолын 1930-1933 жылдары Гурьев өңірінің Теңіз ауданы «Еңбекші таңы» колхозындағы ұжымдық шаруашылықтың өркендеуіне үлес қосудан бастайды. 1933 жылы Алматы қаласында ашылған, кейіннен атауы мемлекеттік заң институты болып өзгерген 3 жылдық кеңес құрылысы институтына түсіп, оны 1938 жылы тәмамдайды. Институт қабырғасында жүріп-ақ 1935 жылы партия мүшелігіне өткен Ысмағұл Мырзабековті кейіннен Гурьев облысы құрамындағы №5 «Бақсай» қой совхозы саяси бөлімі бастығының орынбасары етіп тағайындайды. Ал 1939 жылдың мамыр айында ол Алматы жоғары партия мектебіне жолдама алып, оны 1942 жылы аяқтағаннан кейін Алматы облысындағы совхозға партия бюросының секретары етіп жібереді. Бұл қызметті 6 ай атқарған Ы. Мырзабеков 1942 жылдың басында Павлодар облысының Ермак ауданындағы «Жолқұдық» совхозы саяси бөлімінің бастығы болады.
Оның майдан даласындағы, ентелеген жаудан жерін қорғау жолындағы ерлігі тіпті бөлек. Мәселен, 1942 жылдың шілде айында Ысмағұл Уашұлы 38-ші атқыштар дивизиясының Қазақстанда жасақталған 343-ші атқыштар полкі құрамының офицері болады. Небары 3 ай әскери оқу-жаттығудан өткен, құрамында Ысмағұл Уашұлы бар полк 1942 жылдың қазан айының басында Сталинград шебін оқ пен оттан қорғауға аттанады. Әрине, майдан даласында жүрген кезде полк сарбаздары түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Шегінуге де тура келген кездер болады. Міне, сондай кездері лейтенант Ы. Мырзабековті жатса-тұрса көп жәйт мазалайды. Солардың бірі - бүкіл Батыс Еуропаны, одан кейін Шығыс Еуропаның 90 пайызға жуық аумағын басып алған герман әскерлерінің Астрахань маңында орналасқан туған ауылы - Зорматадан небәрі 200 шақырым жерде шеп құрып жатқандығы еді. Сол уақытта Ысмағұл Уашұлын: «Егер, қарсыластар Сталинград қамалын бұзса, Зормата тұрмақ, облыс орталығы Гурьевке де фашист басқыншыларының 10-12 сағат шамасында-ақ жетіп келуі мүмкін ғой», деген ауыр ой мазалап, ол кеуде тұсын шымырлап өтеді. Сол себепті, майдангер өз дұшпанына сес көрсетуді, оның соққыларын кері қайтаруды, осылайша, Сталинград пен Астраханьның, Еділ мен Жайық арасының соғыс өртінен аман қалуын тілеп, майдан шебін қас қақпай күзетуді мақсат етіп қояды.
1943 жылдың қаңтарында болған ұрыстар кезінде дивизия ерекше көзге түсіп, оған 1 наурызда 79-сталинградтық гвардиялық атқыштар дивизиясы деген атау беріледі. Ысмағұл Уашұлы бұл дивизия құрамында жүрген кезде тек КСРО аумағын ғана емес, Еуропаның бірнеше елін жаудан құтқару мен тазартуға белсене қатысады. Оның бұл еңбегі еш кетпей, 1943 жылдың қазан айында капитан шеніне мерзімінен бұрын көтеріліп, бір айдан кейін батальон командирінің саяси мәселелер бойынша орынбасары болады.
Майдангер өзіне тиісті міндетті абыроймен атқарады. Бұдан бөлек, ол Кеңес армиясының 28-атқыштар дивизиясының құрамында жүріп, оңтүстік-шығыс майдан шебіндегі ұрыстарға қатысады, 173-атқыштар полкінің 1-атқыштар батальоны командирінің саяси мәселелер бойынша орынбасары да болады. Міне, қиян-кескі ұрыстар кезінде өзіне жүктелген осындай жауапкершілікке толы қызметтерді атқара жүріп, Ысмағұл Уашұлы әр сарбаздың санасына ұлтжандылық сезімін ұялатып, Отанға деген жауынгерлік рухтың қалыптасуына үлес қосады. Қан майданда екі рет аяғынан жараланып, ерлік пен өрліктің ерен үлгісін көрсеткен азаматтың кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені мен медальдар тағылады.
Майдан даласынан жеңіспен оралған Ысмағұл Мырзабеков Алматыға келгеннен кейін де елі мен жері үшін аянбай тер төгеді. Айналасына қажымай, талмай еңбек етудің үлгісін көрсетеді. Сол себептен болар, ол 1946 жылы Талдықорған облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің хатшысы болып тағайындалады. Осылайша, өзінің өмір жолын бейбіт күнді жандандыру ісіне арнайды. Ысмағұл Уашұлының бұл еңбегі өз деңгейінде бағаланып, оған 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Бұл майдангер есімінің өшпейтінінің тағы бір айғағы.