Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады
Осының алдында Сидней турнирін сәтті өткізіп, ширек финалға дейін жеткен Ю.Путинцева дүниежүзілік рейтингте үздік қырық теннисшінің қатарына еніп, 39-сатыға көтерілген еді.
Әлемнің 33-ракеткасы, 32 жастағы Б.Стрыцова мен 1995 жылғы қазақстандық теннисші бұған дейін үш мәрте кездесіп, соның екеуінде чехиялық спортшы жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болып тұрған мезетте Ю.Путинцева брейк жасап, 4:2 есебімен алға шықты. Ақыры осы басымдылығынан айырылмай, сетті жеңіспен тәмамдады - 6:4.
Екінші партияда керісінше Б.Стрыцова брейк жасап, 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Ю.Путинцева қайыра брейкке қол жеткізіп, өз геймін де алды - 3:3. Содан кейін тартысты геймде тағы бір брейк жасап, таразы басын өзіне аударды - 4:3. Путинцеваның доп бергендегі қателігін пайдаланған Стрыцова да қалыспады - 4:4. Чехиялық теннисшінің осындай сәтсіздігінен кейін қазақстандық теннисші матчқа доп берді - 5:4. Жауапты геймде жинақы ойнаған Стрыцова есепті қайта теңестірді - 5:5. Есеп 6:6 болғаннан кейін тай-брейкте Путинцева қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ - 7:1.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағатқа жуық уақытқа созылды.
Юлия Путинцева екінші айналымда швейцариялық, әлемнің 49-ракеткасы Белинда Бенчич немесе тағы бір чехиялық, рейтингте 34-орындағы Катерина Синякованың біреуімен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 95-ракеткасы Зарина Дияс Аустралия біріншілігінде бастапқы бәсекесін рейтингте 61-сатыдағы, сербиялық Александра Круничпен өткізеді. Бұған дейін қарсыластардың жолдары екі мәрте тоқайласып, соның екеуінде де қазақстандық теннисші жеңіске жеткен.
Ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Михаил Кукушкин Франция елінің өкілі, рейтингте 31-орындағы Лукас Пуильмен кортқа шығады. Бұлар үш рет күш сынасып, соның екеуінде франциялық спортшы басым түскен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатындағы қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.