Юлия Путинцева Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Юлия Путинцева Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шықты
Фото Қазақстан теннис федерациясынан

Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда рейтингіде 76-орында тұрған болгариялық Виктория Томовамен шеберлік байқасты.

Матч аса тартысты өтіп, үш сетке созылды. Бірінші партияда тай-брейкте болгариялық спортшы басымдылық танытты – 7:6 (7:5). Екіншісінде Юлия есе қайырды – 7:6 (7:3). Үшінші, шешуші сетте Путинцева бет қаратқан жоқ – 6:0.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 2 эйс жасап, 18 брейк-пойнттың 8-ін пайдаланды. Қарсыласы 5 брейктен (14 брейк-пойнт) аса алмады.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Кори Гауфпен таласады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда рейтингте 65-сатыдағы италиялық Ясмин Паолинимен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионаты іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдері Аустралиямен кездесетінін жазған едік.

Сондай-ақ Александр Бублик Рим мастерс турнирін сәтті бастады.