Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Юлия Путинцева Германиядағы жарыста жергілікті теннисшіні жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева Гамбург (Германия) WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Юлия Путинцева начала путь на «Ролан Гаррос» с волевой победы
Фото: ҚТФ

Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін WTA рейтингісінде 223-орындағы германиялық Мона Бартельмен өткізді.

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде Бартель жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияда қос брейкке қол жеткізген Путинцева 6:2 есебімен басымдылық танытты.

Екінші сет теннисшілердің брейк алмасуымен ерекшеленді. Тек тай-брейкте ғана Юлия таразы басын өзіне аудара алды – 7:6 (7:5).

Бір сағат 57 минутқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Бартель 1 эйс, 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 187-ракеткасы, нидерландылық Аранча Рус немесе рейтингіде 208-сатыдағы армениялық Элина Аванесянның қай жеңгенімен таласады.

Қазақстанның ерлер арасында екінші, әлемнің 84 ракеткасы Александр Шевченко Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің алғашқы айналымында жеңіліске ұшырады.

Ол тартысты матчта әлемнің 41-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфқа жол берді – 6:3, 6:7 (5:7), 4:6. Бір сағат 55 минутта аяқталған ойында Шевченко 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Штруфф 15 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаева Германиядағы жарыста рейтингілік ұпай қорын толықтыра ала ма, соны жазған едік.