Юлия Путинцева жұптық сында Рим турнирінің 1/8 финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Юлия Путинцева жұптық сында Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты.

Юлия Путинцева
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандеспен бірге бастапқы кездесуін жапониялық Макото Ниномия — қытайлық Сюй Ифаньмен сәтті өткізді.

Қазақстандық-канадалық жұп 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 10 минутқа созылған бәсекеде екеуі 6 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Ниномия — Ифань 9 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді.

Юлия Путинцева — Лейла Фернандес ширек финалға шығу үшін жарыстың 3-ракеткалары, италиялықтар Сара Эррани — Ясмин Паолинимен таласады.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Бублик Рим мастерс турнирінің үшінші айналымына өте алмады. Ол 1 сағат 58 минутқа созылған тартысты матчта әлемнің 7-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудқа жол берді — 4:6, 6:4, 3:6.

Бублик 15 эйс жасап, екі брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Рууд 7 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 318-ракеткасы Зарина Дияс Фукуока (Жапония) ITF W35 турнирінің финалынан тыс қалды. Ол жартылай финалда әлемнің 252-ракеткасы, жапониялық Химено Сакацумеге есе жіберді — 7:5, 1:6, 1:6. Бұл матч 1 сағат 43 минутта аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапонияда жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Елена Рыбакина Рим турнирінің үшінші айналымына шықты.

Соңғы жаңалықтар