ЮНЕСКО-ның Мұздықтарды зерттеу орталығы Қазақстанда жұмысын жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялады.
Бұл құжат 2012 жылғы 29 мамырда Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жалғастыруға мүмкіндік береді. Аталған келісім 2017 жылы алты жыл мерзімге ратификацияланған еді.
— Орталық қызметінің тиімділігін 2023 жылы ЮНЕСКО аудиті растады. Сарапшылар оның Орталық Азиядағы ЮНЕСКО аясындағы жұмыс істейтін жалғыз мамандандырылған гляциологиялық орталық ретінде «ерекше мәртебесі бар» деп атап өтті. Бұл Орталық су қауіпсіздігі саласында Орталық Азиядағы ғылыми жетістіктердің деңгейін арттыруға ықпал етеді, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова Мәжілістің жалпы отырысында.
Орталықтың биік таулы станциялары көпжылдық мониторинг жүргізіп, жаһандық мониторинг жүйелеріне деректерді беруде шешуші рөл атқарады.
Атап айтқанда, негізінен үш биік таулы станцияда бақылау жүргізіледі: «Тұйықсу мұздығы», Үлкен Алматы көлінің аймағы және «Жусалы-Кезен» станциясы. Онда жыл бойы гидрометеорологиялық параметрлер, мұздық массасының балансы, қар жамылғысы, мұздық көлдері, табиғи қауіпті процестер және көпжылдық тоң мониторингі жүргізіледі.
— Алынған деректер Мұздықтарды әлемдік бақылау қызметіне (WGMS, Швейцария) беріледі және Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) баяндамаларында пайдаланылады. Жалпы Орталық әлемнің 9 елінде 21 ұйыммен әріптестік орнатты. Сондай-ақ, Орталық салалық мемлекеттік органдарды мұздықтардың, қар жамылғысының жай-күйі және Сырдария, Әмудария, Іле және Шу–Талас өзендері бассейндерінде ағынның қалыптасуы жөніндегі деректермен және есептермен қамтамасыз етеді, — деді министрлік өкілі.
Осылайша, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығына 8 жыл мерзімге 2-санаттағы орталық мәртебесі беріледі. Бұл орталық өңірдің гляциологиясы мен су ресурстарын ғылыми тұрғыда зерттеу, білім беру және үйлестіру қызметін жалғастырады.
Келісім аясында Қазақстан Үкіметінің, ЮНЕСКО-ның және өңір мемлекеттерінің өкілдерін қамтитын Басқарушылар кеңесі құрылмақ. Қазақстан орталық жұмысын жыл сайын кемінде 414 млн теңге көлемінде қаржымен, сондай-ақ ғимаратпен, қажетті жабдықтармен және әкімшілік қолдаумен қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, келісім халықаралық сарапшылар қатысатын бірлескен жобалар, семинарлар мен оқыту бағдарламаларын өткізуге жол ашады. Сондай-ақ ғылыми деректерді ашық алмасуға және мұздықтарды мониторингілеу және сақтау саласында заманауи технологияларды ілгерілетуге мүмкіндік туады.
Айта кетейік, биыл су саласының 800-ден астам маманы біліктілігін арттырды.