ЮНЕСКО Таяу Шығыстағы мәдени мұра нысандарына келтірілген залалды бағалап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ЮНЕСКО Иран, Ливан және Израиль аумағындағы мәдени-тарихи нысандарға келтірілген залалды бағалап жатыр. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары салдарынан кемінде төрт мәдени-тарихи нысан зақымданған, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Агенттіктің хабарлауынша, қираулардың жылдамдығы мен ауқымы Иран мен Ливан билігін алаңдатып, олар ЮНЕСКО-ға қосымша нысандарды ерекше қорғауға алынатын объектілер тізіміне енгізу жөнінде өтініш жолдаған.
ЮНЕСКО Голестан сарайы кешенінің зақымданғанын растады. Бұл сарай Қаджарлар дәуіріне жатады және Тегеран қаласында орналасқан. Сондай-ақ XVII ғасырдағы Чехель‑Сотун сарайы мен Исфахандағы Масджид‑Джаме мешіті де зақымданған.
Бұдан бөлек, Хоррамабад аңғары маңындағы ғимараттарға да зиян келген. Оның ішінде б.з.д. шамамен 63 мың жыл бұрын адамдар өмір сүргенін дәлелдейтін бес ежелгі үңгір мен бір жартастағы баспана бар.

Қақтығыстың салдары Таяу Шығыстың басқа аймақтарына да әсер етіп жатыр. ЮНЕСКО Ақ қала (Израиль) мен Тир қаласы (Ливан) сияқты нысандарға келтірілген залалды да бақылап отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің айтуынша, қақтығыстар кезінде тек бейбіт тұрғындар ғана емес, азаматтық инфрақұрылым мен адамзаттың баға жетпес тарихи мұрасы да зардап шегеді.
Ал Human Rights Watch ұйымының сарапшысы Бонни Дочерти мәдени мұра нысандарының бүлінуі жергілікті қоғамдастықтың тарихи жадын әлсіретіп, адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарға нұқсан келтіретінін атап өтті.
Бұдан бұрын Израиль Иранның жоғарғы көшбасшысы пайдаланған ұшақты жойғанын мәлімдеді.