ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай — экотуризмнің жаңа бағыты

АСТАНА. KAZINFORM — Катонқарағай — Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия шекаралары түйісетін, мәңгілік мұздықтармен көмкерілген Мұзтау баурайында асқақ таулар, алып самырсындар, тулап аққан өзендер, мөлдір көлдер мен алқызыл гүлге толы шырынды альпілік шалғындар тоғысқан ғажайып мекен. 

ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай – экотуризмнің жаңа бағыты
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Ұлттық парк 2001 жылдың 17 шілдесінде құрылған. Алтай-Саян таулы жүйесіне кіреді. Бұл өңір Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) тарапынан жаһандық экологиялық маңызы бар экоаймақ ретінде танылған. Бұл — Қазақстандағы ең ірі ұлттық парк, жалпы аумағы 643 477 гектар.

Келушілерге табиғат ғажайыптарын таныстыру мақсатында парк аумағында ұзындығы 680 шақырымды құрайтын 14 туристік бағыт пен соқпақ бар.

ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай – экотуризмнің жаңа бағыты
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

2014 жылдың 12 маусымында Швецияда өткен ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының Халықаралық үйлестіру кеңесі отырысында Катонқарағай МҰТП-і Әлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосу туралы шешім қабылданды. Ал 2017 жылы ЮНЕСКО бұл аумақты «Үлкен Алтай» трансшекаралық биосфералық резерват ретінде ресми түрде бекітті.

ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай – экотуризмнің жаңа бағыты
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Табиғат көрінісі, әсемдігі жағынан ғажайып әдемі әрі қайталанбас жер. Орманы мен таулары, өзендері мен көлдері таңырқау сезіміне бөлеп, өзінің ұлылығымен және тазалығымен қайран қалдырады. Жабайы құстарға толы орманы, балыққа толы өзен көлдері ежелден-ақ осы аймаққа мыңдаған адамдарды қызықтыра тартқан.

Қаракөл, Шабанбай мен Қаумыш көлдері, Көккөл мен Арасан сарқырамалары, Берел қорғандары, қарлы асумен Марқакөл көліне әкелетін ежелгі Австриялық жол, Алтай тауларының екі басты ханшайымы, Мұзтау және басқа да ерекшеленген жерлер Қазақстанның мақтанышы мен бүкіл әлемдік табиғи әрі мәдени мұрасы болып табылады.

ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай – экотуризмнің жаңа бағыты
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Фауна
Катонқарағай ұлттық паркінің жануарлар әлемі өте бай әрі алуан түрлі. Ұлттық парктің фаунасының құрамында сүтқоректілердің 67 түрі, құстардың 301 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 6 түрі, балықтардың 17 түрі және омырқасыздардың 10000 астам түрі кездеседі.

Парк аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жан-жануарлардың көптеген түрі мекен етеді: сүтқоректілердің 5 түрі — қар барысы, Алтай арқары, тассусары, сабаншы және Иконников жарқанаты, құстардың 26 түрі олардың ішінде: дөңтұмсық, тұрпан, лашын, ителгі, балықшы тұйғын, бүркіт, қарақұс, үкі, сұр тырна, ақбас тырна, алтай ұлары; балықтың 1 түрі — таймень (қызыл балық); омыртқасыздардың ішінде жәндіктердің 2 түрі — Михайлов барылдауық қоңызы және керемет барылдауық қоңызы.

ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай – экотуризмнің жаңа бағыты
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Флора

Парк аумағының 40%-ын (260705 га) орманалып жатыр. Ормандар негізін қылқанжапырақты құрайды.

Ұлттық парктің флорасы таңқаларлық, әртүрлі ғажайып, онда жоғарғы сатылы өсімдіктердің 1000 түрінен астам түрлері, мүктер, қыналар мен саңырауқұлақтардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың 30-дан астам түрі Казақстан және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер тізіміне еңгізлген.