ЮНЕСКО тізіміндегі Жоңғар-Алатауы ұлттық паркі туристерді немен тартады
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу Алатауының шыңдарына көз салсаңыз, аспанмен тілдескен мұзарт таулар әлемі алдыңыздан шығады. Осы биіктік пен сұлулықтың жүрегінде табиғаттың қазынасын мәңгі сақтап келе жатқан ерекше мекен бар — ол Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 30 сәуірдегі № 370 қаулысымен Сарқан, Лепсі және Үйгентас мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінің Көкжар орманшылығын біріктіру арқылы ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Парктің құрылуының негізгі себебі — бірегей жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтаудан басқа, шетелдік және қазақстандық ғалымдардың (А. Д. Жанғалиев) болжамы бойынша, әлемдегі көптеген мәдени алма сұрыптарының арғы тегі саналатын және осыған байланысты ерекше қорғауды қажет ететін Сиверс алмасының ауқымды орман алқаптарының болуы. Сиверс алмасы Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген.
Парк Жетісу облысының шығысында орналасқан және үш ауданның — Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының аумағын қамтиды. Оның жалпы ауданы — 356 022 га. Бұл Қазақстанда көлемі бойынша екінші парк. Парк аумағын батыстан шығысқа қарай шамамен 300 км-ге созылып жатқан, теңіз деңгейінен 4000 метрге дейін көтерілетін, шыңдары мәңгі қар басқан Жетісу Алатауы (Жоңғар Алатауы) тау жүйесінің солтүстік жоталары алып жатыр. Мұнда ең биік шың — Семенов Тянь-Шань шыңы (4622 м) орналасқан. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын екі кластерлік учаске құрайды. Бірінші учаскенің оңтүстік шекарасы Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекарасының қорғау аймағы бойымен өтеді.
Батыс шекарасы — Үлкен Айдаусай өзенінің аңғары бойымен шектескен. Солтүстік шекарасы Желдіқарағай тауларының солтүстік етегімен Сарқан өзеніне дейін, одан әрі Марқатау тауларының етегімен Лепсіге дейін, содан кейін тау етектерімен Тентек және Кепелі өзендерінің қосылған жеріне дейін созылып жатыр. Әрі қарай Жұмақ тауларының суайрығымен, Безымянный Ключ өзенінің аңғарын қамти отырып, Екінші Тентек өзеніне дейін және одан әрі өзен аңғарымен Қытай Халық Республикасымен шекараға дейін созылады. Екінші кластерлік учаске бірінші учаскенің солтүстігінде орналасқан, онда солтүстік, оңтүстік, батыс және оңтүстік-шығыс шекаралары Үйгентас мемлекеттік орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі мен Көкжар орманшылығының шекарасымен сәйкес келеді.
Жоңғар немесе Жетісу Алатауы Қытай мен Оңтүстік — Шығыс Қазақстан шекарасында орналасқан. Қазақстанда бұл үлкен тау жүйесінің тек бір бөлігі ғана. Оңтүстігінде ол Іле өзенімен, солтүстігінде және шығысында — Балқаш — Алакөл ойпатымен, оңтүстік-шығысында Қытайда орналасқан шөлдермен шектеседі. Бұл ұзындығы — 450 км, ені 50-ден 90 км-ге дейін, биіктігі 4622 м-ге дейін (Семенов Тянь-Шань шыңы) жететін тұтас тау жүйесі. Жоңғар Алатауы жүйесі бірнеше қатарлас биік таулы тізбектерден тұрады. Олардың ішіндегі ең бастысы, ең ұзыны — батыстан шығысқа қарай шамамен 300 км-ге созылып жатқан солтүстік жотасы. Негізгі тізбектің оңтүстігінде Қояндытау, Тоқсанбай және Тышқантау жоталары орналасқан, олар Қытайдың Борохоро жотасының сілемдерімен жалғасады. Солтүстік беткейлері көптеген мұздықтармен жабылған, Жоңғар Алатауы Оңтүстік — Шығыс Қазақстанда мұз басу көлемі бойынша бірінші орында. Соның салдарынан кең өзен жүйесі қалыптасқан, мұнда көптеген өзен бастау алады — ең ірі өзендері: Айдаусай (Ақсу өзенінің саласы), Сарқан, Басқан, Лепсі, Тентек және Тастау. Өзендерден басқа көптеген көл бар, олардың көпшілігі мореналық типті (Жоңғар Алатауындағы 200 көлдің шамамен жартысы парк аумағында орналасқан). Мореналық көлдерден басқа, орман белдеуінде орналасқан екі әдемі көл бар. Екі көл де Ағынықатты өзенінде орналасқан, Жоғарғы және Төменгі Жасылкөл көлдері. Екі көл де опырылудан пайда болған, бұл құбылыс Тянь-Шаньға да тән. Жоғарғы Жасылкөл көлі — 2262 м биіктікте орналасқан, ұзындығы — 3200 м, ені — 300 м, көл өте терең — 109 м құрайды. Төменде, 1630 м биіктікте, Төменгі Жасылкөл көлі орналасқан, ұзындығы — 1800 м, ені — 400 м, тереңдігі — 89 м, көлдердегі су өте суық, тіпті жаз мезгілінде де 10°С аспайды. Көлдер маңында 1000-нан астам өсімдік түрі өседі.
Орманның басты көркі — дұрыс конус тәрізді пішінді, үлкен өлшемдерге жететін Тянь-Шань шыршасы. Қылқанды ормандар белдеуінен төмен қайыңдардан, көктеректерден және ең бастысы Сиверс алмаларынан тұратын жалпақ жапырақты ормандар орналасқан. Таулардың етектері мен беткейлері гүл кілемдерімен жабылған. Өсімдіктердің жалпы саны 2000 түрден асады, оның ішінде 95 түрі эндемиктер.
Парк аумағына 300 шақырымдық негізгі солтүстік жота кіреді. Көрікті табиғат көріністерінен басқа, бұл аймақтың өсімдіктер мен жануарлар әлемі де қызықты. Тауда сирек кездесетін эндемиктерден басқа, оңтүстік пен солтүстік түрлерге жататын жануар мен өсімдіктерді кездестіруге болады. Көлдерді қоршап тұрған ормандар мен аңғарларда көптеген жануар түрі мекендейді: марал, елік, қабан, борсық, қоян, түлкі және қасқыр. Альпі шалғындарында аю мен суырды, ал одан да жоғары, жартастарда — арқар мен тауешкіні, таутекелерді көруге болады. Мұнда Тянь-Шаньның аңызға айналған жыртқышы — ілбіс те мекендейді. Көптеген жыртқыш құс та бар. Сүтқоректілердің 50-ге жуық түрі, құстардың 171 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 7 түрі, қосмекенділердің — 4 түрі бар.
Жетісудің ежелгі және ортағасырлық көшпенділерінің мәдени-тарихи ескерткіштері «Үйгентас» қорымы, ортағасырлық қорғандар, «Әулиетас» киелі тасы, петроглифтер кездеседі.
Қазір парк аумағында 13 туристік маршрут, 2 экологиялық соқпақ орналасқан.
Парк қарамағында 54 гектарды құрайтын Сарқан және Лепсі орман тұқымбақтары бар. Тұқымбақта 20-дан астам түрлі 350 мың көшет өсіріледі.
2018 жылы ұлттық парк өзінің бірегей рельефі, əсем табиғаты мен бай биоəртүрлілігінің арқасында ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттардың ғаламдық желісіне қосылды. Бұл — қазақстандық табиғаттың әлемдік деңгейде мойындалған асыл қазынасы.
Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі– асқақ шыңдар әуені, мөлдір көлдер жыры, орман мен даланың табиғи үндестігі. Ол — табиғаттың жүрегінен туған мәңгілік ән, халқымыздың болашаққа қалдырған аманаты.
Бұған дейін «Алтын Емелде» Қызыл кітапқа енген дала қыранының екі ұясы анықталғанын жазғанбыз.