ЮНЕСКО Жапониядағы Асука-Фудзивара кешенін Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM – ЮНЕСКО-ның консультативтік органы Жапонияның Нара префектурасындағы ежелгі орталықтандырылған мемлекеттің қалыптасуын айғақтайтын тарихи ескерткіштер тобын Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізуді ұсынды. Бұл туралы сенбі күні Жапонияның Мәдениет істері агенттігі хабарлады, деп жазды Кyodonews.

ЮНЕСКО Жапониядағы Асука-Фудзивара кешенін Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізбек
Фото: Кyodonews

«Асука–Фудзивара: Жапонияның ежелгі астаналарының археологиялық ескерткіштері және олармен байланысты нысандар» жобасы бойынша түпкілікті шешім ЮНЕСКО-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Дүниежүзілік мұра комитетінің 19–29 шілде аралығында Оңтүстік Кореяда өтетін отырысында қабылданады деп күтіліп отыр.

Сайлау округі Нара префектурасында орналасқан Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити бұл ұсынысты құптап:

– Біздің баға жетпес мәдени мұрамыздың халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын, – деді.

Ол үкімет нысанды ресми түрде қорғалатын дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.

Егер кешен тізімге енгізілсе, Жапонияның ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі нысандарының саны 27-ге жетеді. Оның 22-сі мәдени, ал бесеуі табиғи мұра санатына жатады.

Асука–Фудзивара кешені VI ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың басына жататын 19 археологиялық ескерткіштен тұрады.

ЮНЕСКО Жапониядағы Асука–Фудзивара кешенін Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізуді ұсынды
Фото: Kyodo

Олардың қатарында мемлекет қалыптасуының алғашқы кезеңімен байланысты Асука және Фудзивара сарайларының қирандылары, Жапонияның алғашқы толыққанды астанасының қалдықтары, будда ғибадатханаларының орындары мен көне қорғандар бар.

Қорғандардың ішінде жарқын қабырға суреттерімен танымал Такамацудзука қорғаны және Шығыс Азиядағы ең көне астрономиялық карта сақталған Китора қорғаны ерекше орын алады.

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының мәліметінше, бұл археологиялық нысандар құрлықтық Қытай мен Корей түбегінің ықпалын көрсетеді. Бұл өз кезегінде Жапония мен Шығыс Азияның өзге елдері арасындағы мәдени әрі технологиялық байланыстардың болғанын дәлелдейді.

Аталған археологиялық кешен ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне 2007 жылы енгізілген болатын. Ал 2024 жылы елдің мәдениет жөніндегі кеңесі оны Дүниежүзілік мұралар тізіміне ұсынатын ресми кандидат ретінде таңдады.

Өткен жылдың қаңтарында Жапония үкіметі ЮНЕСКО-ға ұсыныс құжаттарын жолдап, нысандар санын 22-ден 19-ға дейін қысқартқан еді.

Еске сала кетсек, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне елімізден қандай жәдігерлер ұсынылғанын осы жерден оқи аласыз.