Зағип спортшы Кенжеғұл Сейітжан: жақсы нәрселерді көру үшін көздің қажеті жоқ
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Кішкентайында көру мүмкіндігінен айырылған Кенжеғұл Сейітжан велоспортпен кәсіби түрде айналысады. Бүгінде ол мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, биіктерді бағындырып жүр. Спортшы жігіт спорттағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
- Кенжеғұл Социалұлы, дәстүрлі сұрақтан бастайық. Бала шағыңыз қалай, қайда өтті?
- Қостанай облысының Аманкелді ауданында өмірге келдім. Отбасындағы 20 баланың кенжесімін. 16 әпкем және үш ағам бар. Анам мені 43 жасында туған. «Сүт кенжем» деп қатты еркелетіп өсірді. Қазақ баласына тән нәрсе ғой, кішкентайымыздан доп қуып, атқа міндік. Алты жасымда аттан құлап, жарақат алдым. Соның салдарынан көз жанарына зақым келді. Үш рет жасалған отаның көмегі болмады. Қазір бір көзім алты пайызға ғана көреді. Бірақ, жарық дүниенің сынық сәулесін көрудің өзі маған үлкен күш береді. Әуелде, бірінші сыныпты үш рет оқуыма тура келді. Көзімді емдетумен жүргенде оқудан қалып қойдым. Кейін Қарағанды қаласындағы көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін жандарға арналған мектептің орыс сыныбында оқыдым. Мектептегі мұғалімдер біздің ата-анамыздың рөлін атқарды. Мұғалімдеріме барып: «мына кітапты оқып беріңізші» деп жүретінмін. Одан Алматы қаласындағы Островский атындағы зағип балаларға арналаған мектеп-интернатта оқып, қызыл аттестатпен аяқтап шықтым. Мұнан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірдім. Алматыда нашар көретін жандарға арналған кітапхананың оқырмандар кеңесінің төрағасы болдым.
- Салауатты өмір салтын насихаттайтын қоғамдық қор құрғандарыңызды ел біледі. Жалпы, әуесқой спортқа қалай келіп жүрсіз? Спорттың бірнеше түрін меңгергеніңізді естідік. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
- Спортқа деген қызығушылығым студент кезден басталды. Нақтырақ айтсам, велосипед тебуге деген әуестік спортқа әкелді. Велосипед тебу - бостандықтың сезімі. Әуестікті шыңдау кәсібилікке алып келетіні белгілі. Велоспорттан бөлек, тауға өрлеуден Қазақстанның чемпионымын. Осы ретте айта кетейін, бұл спорт түрі 2020 жылғы Токио паралимпиадасының бағдарламасына енбек. Сол кезде, бұйырса, жолдама алып қалармын деген үміт те жоқ емес. Үлкен теннисті де, үстел теннисін де ойнаймын. Голбол спорт түрімен кәсіби түрде айналысамын.
- Шынын айту керек, голбол біздің елде әлі таныла қойған жоқ. Кейбіреулер аталған спортты дамыту үшін арнайы чемпионат құру керек деп есептейді. Сіз қалай ойлайсыз?
- Бұл спортты көзі көрмейтін жандар үшін 1946 жылы автриялық Ганс Лоренцен мен неміс Зелп Райндле есімді спортшылар ойлап тапқан. Биыл сәуір айында Германияда өткен голболдан халықаралық турнирге қатыстық. Мен ел құрамасының капитаны болдым. Біз мұндай деңгейдегі жарыста екінші рет өнер көрсеттік. Бұған дейін Азия ойындарына қатысқанбыз. Германия, Португалия, Финляндия және Польша құрамаларына қарсы жоғары дәрежеде өнер көрсеттік. Голболдың ережелері бойынша, ойын алаңындағы екі команда қоңырау ілінген допты қақпаға салуы керек. Үйрену қиын емес. Бастысы, талпыныс керек. Голболдың елімізде қанат жайып, дамитынына сенемін. Себебі, қолдаушылар мен демеушілер қауымы жыл сайын көбейіп келеді.
- Кенжеғұл, спорт жарыстарында болсын, шетелдерге көп шығасыз. Өзіңізбен бірге үнемі аудармашы жүре ме? Әлде?...
- Шүкір, қазіргі уақытта 4 тілді білемін. 2006 жылдан бастап ағылшын, жапон тілдерін үйрене бастадым. 2008 жылы бір жыл бойы Токиода «Әлеуметтік көшбасшылар» деген курсты аяқтадым. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қай ортада өзін қалай ұстаудан бастап, кіммен қалай сөйлесіп, жұмыс жасау қажеттігіне дейін үйретті. 2011-2013 жылдары АҚШ-та оқыдым. Сосын 2016 жылға дейін Англияда «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және басқару» мамандығы бойынша магистрлік білім алдым. Кейбіреулер «көзі көрмейді ғой, шетел аралап, білім алудың қандай қызығы бар?» деп ойлайтын шығар. Сыртымыздан айтатындарды да білеміз. АҚШ, Англия, Жапония, Түркия, Франция, Тайланд, Тайвань, Қырғызстан, Беларусь елдерінде болдым. Көзім көрмесе де, көлі мен теңізін, тауы мен тасын сезіне алам ғой. Адамдарымен тіл табысудың өзі қандай ғанибет!
- Достарыңыз сізді «Мотиватор» деп атайды екен. Расында да, өмірге деген құштарлықты қайдан аласыз?
- Мүмкіндігім шектеулі екен деп, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге үн қоспасаң, осы өмірде жеткенің қайсы? Үнемі өзіме осы сұрақты қоямын. Жасырмаймын, кезінде бірнеше рет психологтың көмегіне жүгінуге тура келді. Уақыт өте келе бәрін түсіндім. Бала күнімде «неге мен мұндай болып жаратылдым?» деп, өміріме ренішпен қарайтынмын. Менің болашағыма алаңдаумен ата-анамның уайымы көп болды. Бастапқыда көзім 2-3 пайыз ғана көретін. Қазір көзіме түрлі-түрлі жаттығулар жасап, жақсартуға күш салып келемін. 2012 жылы 4-ші отаны жасаттым. Өмір сүруге құштар адамға еш шектеу жоқ. Өзімізді өзіміз аяп, төмен түсірудің қажеті жоқ. Тағы бір айтарым - мемлекетке ауыз ашып, қарап отыра беруге болмайды. Ешкім бізге бірдеңе жасап беруге міндетті емес. Айналаңа еңбегіңмен пайдаң тисін. Мен үйде кішкентайымнан еден де жуатынмын, кір де жуатынмын. Тамақ та пісіре аламын. Еш жұмыстан арланбау керек. Қолдан келгенше, өзіңнің, қала берді, еліңнің дамуына үлесіңді қос. Жақсы нәрселерді көру үшін көздің қажеті жоқ. Барлығын жүрекпен сезуге болады.
- Зағип және көзі нашар көретін әуесқой спортшылардың «Blind Race Astana - Paris» құрлықаралық марафонына қатысып жатырсыз. Жарыстың ерекшелігі қандай? Команда құрамы туралы айтып өтсеңіз.
- Веломарафоны Астана қаласынан басталды. 5 мың шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтіп, велоспорттың астанасы саналатын Парижге жетуіміз тиіс. Мұндағы мақсатымыз - велосипедті экологиялық таза көлік түрі ретінде дәріптеу, елдегі экотуризмді дамыту, қамкөңіл жандарға рухани көмек беру. Біздің команда 4 тандемнен тұрады. Әр велошабандоздың қасында бір ерікті жүреді. Күн сайын біз 200 шақырым қашықтықты бағындырамыз. Біздің команда бастапқыда 5 адамнан құралған еді. Міне, бұл жолы 16 әуесқой спортшы жолға шықтық. Жалпы, Парижге жетер жолда әлемнің 30 қаласын басып өтеміз.
- Спорттан басқа қандай қызығушылығыңыз бар?
- Бос уақытымда баянда және домбырада ойнаймын. Әдебиетті жаным сүйеді. Мұқағали мен Абайды, Жұбан Молдағалиевті толық оқыдым. Иран Ғайыптың өлеңдерін нақышына келтіре оқуды ұнатамын. Поэзия оқу әр қазақтың қанында бар.