«Зағиптар қоғамы сот үкімімен келіспейді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Елімізде 18 онкологиялық орталық болса, солардың ішінде төсек-орын санының көптігімен, құрал-жабдығының жаңалығымен және қолы жеңіл, емі шипа мамандарының кәсіби біліктілігімен ат оздырып тұрғаны Қарағанды облыстық онкологиялық диспансер екен. Медициналық мекеменің басшысы, кәнігі хирург Мұратбек Жұмақаев мұны «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында нақты мысалдармен дәлелдеп, баяндап берді. Биыл құрылғанына 70 жыл толатын онкологиялық орталықтың ауыз толтырып айтар жетістігімен қатар, шешілмей келе жатқан шетін мәселесі де директормен арада болған сұхбат барысында көрініс тапты.
«Адамдардың сана-сезімін өзгертпей болмайды. Өзінің денсаулығына атүсті, салғырт қараған адам - қоғамға масыл. Жасыратыны жоқ, ауруы әбден асқынып, сырқаты меңдеген ата-анасын алып келгендермен кейде қатты сөйлесуге тура келеді. «Мұсылман баласы таңертең тұрғанда жасы келген ата-анасының қал-жағдайын сұрамаушы ма еді. Осынша халге қалай жеткіздіңдер?!», деп ұрсатыным да рас. Сонда олардың айтатын уәжі мынадай: «Айтудайын айтамыз-ау, тек өздері ғой, аурухана десе безе қашатын...» Бұл, әрине сылтау. Егер де, әркім егде тартқан туыстарының ғана емес, өзінің де денсаулығына жанашырлықпен қарар болса, кеселдің алдын алу әлдеқайда оңайға түсер еді»,-дейді Мұратбек Жұмақаев. Түйткілді мәселені көтеріп отырған бүл сұхбат «Қатерлі ісікке сананың сілкінісі қарсы тұруы керек» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Қар қабыланы» атты материал жарық көрді. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мекен ететін қар барыстарына зерттеу жұмыстары жүргізілгеніне үш жылдан астам уақыт болды. Аталған уақыт аралығында шың тағысын анықтау, олардың тіршілігін түбегейлі зерттеу жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Айталық, қар барысы жүретін соқпақтарға, адам аяғы баспайтын асқарлардағы биік құз, жартастарға фототұзақ құралдары орнатылды. Бұл фототұзақ құралдары белгілі бір уақыт аралығында тексеріліп тұрады. Яғни, жылдың әр мезгілінде фототұзаққа марал, таутеке, қасқыр, түлкі, қоян, суырлармен қатар, еліміздің Қызыл кітабына енген Алтай ұлары, сабаншы және қар барысы түсті.
Қар барысының қорегі таутекелер болғандықтан фототұзақ құралдары негізінен таутекелер жүретін жерлерге қойылды. Жоғалып бара жатқан қар барысының соңғы уақытта Алтай тауларында пайда болуы, жиі бой көрсете бастауы қуантады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіндегілер бұрынғы басшыларына тағылған үкіммен келіспей, қатаң жаза қолданылуын сұрап отыр.
Қоғамның бұрынғы басшысы Байболат Әубәкіров қоғамға бөлінген ақшаны жымқырды деп айыпталған болатын. Содан бері қоғамдағы зағип жандар мен басшы арасындағы дау-дамай үш жылдан артық уақытқа созылған. 28 желтоқсан күні Әубәкіровті жеті жылға бас бостандығынан айыру мен мүлкін тәркілеу туралы үкім шықты. Алайда тілшілермен кездесу өткізген қоғамдағы наразы топ мұны жеңілдетілген жаза дейді. Қоғам мүшелері бұрынғы басшыларын «қызметін асыра пайдаланды, қоғамдық бірлестікті тонап келді, қазынаға қарайтын мүліктерді сатты, жұмыскерлерді жөнсіз жұмыстан босатты, бірлестікке түскен ақшаны иемденіп алды» деп сөгуде. Мұнысын заңды тұрғыда да дәлелдей алған. 28 желтоқсанда қоғам басшысына қатысты айыптау үкімі шықты. Бірақ ол заңдық күшіне енген жоқ. Наразылық білдіруші жақ бұл іс материалдарына Бас прокуратураның араласып жатқанына күдікпен қарауда. Өйткені бұған дейін де осындай жағдай орын алып, «Қазақ зағиптар қоғамына» 179 миллион теңге мөлшерінде зиян келтірді деп айыпталған Әубәкіров жазасынан құтылып кеткендігін айтады. Бұл жайында «Зағиптар қоғамы сот үкімімен келіспейді» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Кітапты қалай оқисыз?» атты қызық мақала жарияланған. Бала кезімізден санада жатталып қалған осы сөз тіркесін кішкентай кезімізде түсіне бермеуіміз мүмкін. Алайда балалық шағыңда оқыған кітаптың өмір бойы есіңде қалатыны сирек.
«Әрине, кітапқұмар жұртшылықтың бір кітапты қартайған шағына дейін бірнеше рет қайталап оқуының себебі бар. Өйткені оны әр жаста оқыған сайын адамның түйсінуі бөлек болады. Қайыра түйсінеді, пайым жасайды, ой қорытады. Бірақ кітапты қалай оқу керек? Әркім әрқалай, біреу жылдам оқиды, екіншілері қарап шығады. Соңғысы түйсіну емес. Бірақ кітап оқыған адамның жан дүниесі терең, сөз саптауы ерек болатыны сөзсіз. Алайда солай деп біржола кесім шығаруға бола ма екен? Жоқ. Кейбір адамдар білгенін шешендікпен айта алмауы мүмкін. Дегенмен, олардың жазғанынан, ойынан бәрібір тереңдік көрініп тұрады.
Расында, біреу кітапты жылдам, екіншісі асықпай оқиды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ересектер орташа есеппен минутына 180-250 сөз оқиды екен. Алайда адамның миы оқыған кітабының мазмұнын 100 пайыз қабылдай ала ма? Мәселе - сонда»,-деп жазады газет.
***
«Казахстанская правда» газетінде «Қазақ елі» на Каннском фестивале» деген материал берілген. Шымкенттік аниматорлар «Қазақ елі» толықметражды тарихи мультфильм бойынша жұмысты аяқтап, лентаның трейлерін Канн фестиваліне жіберді.
Сценарий авторы және «САҚ» киностудиясының продюсері Бақытжан Құлжабаевтың ақпараты бойынша Канн фестивалін ұйымдастыру комитетінің өкілдері мультипликациалық фильмді жасаушылармен байланысқа шығып, Ресей, Германия, АҚШ және БАӘ тараптары осы тарихи туындыны өздерінің елдерінде балаларға көрсету ниетін білдіргенін хабарлады. Енді аниматорлар шұғыл түрде фильмді орыс, неміс және ағылшын тілдеріне аударуда.