Заман көшінен қалыспаған қазақ бақташылары – шетелдегі қазақ баспасөзі
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
16 жастағы Батырбек жасөспірімдер арасындағы жарыста топ жарды – «Kaznews»

Баян-Өлгий аймағының «Тас түлек» клубының палуаны Батырбек Шәрівұлы Өвөрхангай аймағында ұйымдастырған мемлекеттік «гарьд» дәрежелі палуан Ц.Бямба-Отгонға құрмет көрсетуге арналған сайыста жасөспірімдер арасында топ жарып, бірінші орын иеленді, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Батырбек Шәрівұлы 16 жаста. Сұмындық піл дәрежелі палуан атағы бар. Батырбек бұған дейін Завхан аймағы орнауының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойда жасөспірімдер арасында топ жарған болатын.
Сондай-ақ осы аптада «Kaznews»-те «Елші Ғабит Қойшыбаев брифинг өткізді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі Ғабит Қойшыбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өткізген.
Айта кетейік, іс-шараға Моңғолия телеарналарының, ақпараттық агенттіктерінің және баспа басылымдарының өкілдері, сондай-ақ Моңғолияның Стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшылары шақырылды.
Бұл туралы моңғолиялық басылым ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, брифинг барысында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев моңғол бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне Жолдаудың негізгі мазмұны мен түйінді тұстарын жеткізді.
«Атап айтқанда, ол аудиторияны бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асырудағы жетістіктермен, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған елдің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістерді тереңдету бойынша ҚР Үкіметінің алдына қойған жаңа міндеттерімен таныстырды», -деп жазды «Kaznews».
Шыңжаңдық екі қазақ спортшысы Ханчжоудағы Азия ойындарына жолдама алды – CNR
Шыңжаң автономиялық өлкесі спорт бюросының мәліметі бойынша, Тоқтарбек Таңатқанұлы, Шя Синьи, Абдухалыкжан Муталип, Абдуани Турғун, Лан Чау, Ан Чишуан және Кабиран Абушайманұлы қатарлы шыңжаңдық 7 спортшы Ханчжоудағы Азия ойындарына жолдама алды. Олар жағажай волейболы, жеңіл атлетика, бокс, ат спорты, садақ ату және күрестен қатысады, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.
Айта кетейік, Алтай қаласынан келген 26 жастағы Тоқтарбек Таңатқанұлы Азия ойындарына осымен екінші рет қатысып отыр. 2021 жылы Токио Олимпиадасына қатысып, 1/8 финалда чемпион атанған бразилиялық ойыншыдан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. 2023 жылғы бокстан әлем чемпионатында Тоқтарбек Таңатқанұлы финалға дейін жетіп, соңында қазақстандық боксшыға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтқан. Осы Азия ойындарында ол тағы да чемпион болуға таласады.


Ал Кабиран Абушайманұлы атты ұлты қазақ спортшы биыл 25 жаста, ол Тарбағатайдың Эмин округінен. Осы жылдың ақпан айында К.Абушайманұлы Дүниежүзілік күрес федерациясының ашық чемпионатында ерлер арасында еркін күрестен 97 келі салмақта қола жүлдені жеңіп алды. Сәуір айында 2023 жылғы күрес түрлерінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ маусым айында Қырғызстандағы Дүниежүзілік күрес федерациясының халықаралық ұпайлар турнирінде тағы да күміс жүлдені еншілеген.


Әмір Темір дәуіріне жататын ауыл қирандылары табылды – «ӨзА»

Қашқадария облысының Мүбәрәк ауданындағы Қожа Равшан ескерткіші маңынан Әмір Темір дәуіріне жататын ауыл қирандылары табылды.
Мәдени мұра агенттігінің мәліметінше, Самарқанд археологиялық институтының қызметкерлері қазба жұмыстары кезінде ауыл қирандыларының арасынан Әмір Темір дәуіріне жататын 4 бөлме тапқан, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
13-14 ғасырларда бұл ескерткіштің орнында Қаршыдан Бұхарға апаратын қалың керуен жолы орналасқан. Ауыл қирандыларының ауданы бүгінде 30 гектар.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, мамандардың айтуынша, сол кезде өмір сүрген ауыл тұрғындары соңғы шағатай дәуірінің соңы мен Әмір Темір тұсында мәдени жағынан біршама дамыған. Табылған заттардың ішінде тақтайшалар, сырланған қыш ыдыстар, металл ауылшаруашылық құралдары және басқа да сирек кездесетін заттар бар. Зерттеушілер Әмір Темір тұсында қалаларда ғана емес, ауылдарда да даму деңгейі жоғары болды деген алдын ала қорытындыға келген.
Замана көшіне ілескен қазақ бақташылары – CNR

«Қазақ малшылары да замана көшінің алдында келеді». Осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық агенттігінде осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Киіз үйде өмір сүру, суреттер тарту, видеоға түсіру сияқтылардың барлығы олардың қолдарынан келеді. Сөйтіп, мал шаруашылық райондары да осылай замана көшінен қалмай келеді, деп жазады «Орталық халық радиосы».
Үрімжі қаласынан шығып, батыс өңтүстікте көсіліп жатқан алып Тиянь-Шан тауын бетке алып жолға шықсаңыз, үлкен қала бірден алыстап қала береді. 100 шақырымнан астам жол басқан соң, бір асудан аса қалсаңыз, кең көсілген жайлауға жетесіз. Бұл жерден жаз күндері жайлау сынды жәннат өлкенің сәнін келтірер қоралы қой, үйірлі жылқы, табын-табын сиырлар мен ақ шағаладай қазақ үйлерді кезіктіресіз.

Бұл елді мекен Үрімжі мен Санжының (қала – авт.) аралығына орналасқан Сорбастау мал шаруашылық ауданы.
«Бір қызығы жасыл жайлау, мөлдір бұлақ бойына қоныстанған малды ауыл қазақ ұлтының ғасырлар бойы жалғасқан көшпенді тұрмысына мұрагерлік етумен бірге, қазіргі заманғы қала тіршілігінен де кенде еместігі бірден байқалады. Дәстүрлі және осы заманғы тірлік тынысын бір басына жиған Сорбастауды Шыңжаңдағы мал шаруашылық аудандарының ықшамдалған көрінісі деуге әбден болады», деп жазады қытайлық басылым.
Мұнда көптеген турист бірден асқар тау, асау өзендерімен әйгілі болған Сорбастауға ат басын бұрады. Аталған жайлаудағы Мұхтардың отбасы туристерді күтіп алады. Жаз жайлаудың рахатын сезінгісі келген қалалықтарың біразы оның киіз үйден жасалған демалыс орнын таңдайды. Туристердің аяғы жаз бойына үзілмейді екен.
Бір жағынан бақташы, бір жағынан жаздық демалыс орнын ашқан тағы бір жеке кәсіпкер Нұршаш Қабылқызы қоныстанған жайлауы да Мұхтардың қонысынан бір кезең бөліп тұратын көрші. Нұршаш өзінің жаздық демалыс орнын жұртқа таныстру үшін телефон арқылы фотосурет түсіріп оны әлеуметтік желілерде жариялап отырады.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Нұршаштың желідегі парақшасында 100 мыңға жуық адам тіркелген. Сондықтан 47 жастағы Нұршаш Қабылқызы осы жайлаудағы ең белгілі «желі жұлдызы» атанған көрінеді.

Ол жолдаған жолдамалардың мазмұны әртүрлі. Кейде қазақтың ұлттық киімін киіп шықса, кейде қазақтың дәстүрлі биі «Қара жорғаны» тарту етеді. Ал енді бірде жайлау төсінде сейілдеп бара жатады... Осылай әртүрлі тақырыптардағы көріністер жариялау арқылы тұрмысын күн санап жақсартуда.
Ол тек өзі ғана емес, айналасындағы адамдарды да жұмыспен қамтып отыр екен.
«Интернет арқылы елге танылған соң, Нұршаштың пайдасы еселеп артты. Ол өзі отырған ағаш үйдің алдына 13 киіз үй тігіп, саяжай ашқан. Шаруашылығына жетісе алмағандықтан 4-5 бақташыны көмекке алған... Бұған қарап, қазір мал шаруашылық аудандары да замана көшінің алдыңғы легінде келеді деуге болады. Интернетті қамтыған осы заманғы құрылғылар бақташылардың тіршілігін барынша өзгертіп, олардың көкжиегін кеңейткен...», - деп жазады қытайлық БАҚ.
Түркияға жеті айда 30 миллионнан астам турист келген – «TRT»

Түркия 2023 жылдың алғашқы 7 айында барлығы 30 млн 93 мың 446 қонақты қабылдады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметінше, Түркияға 7 айда келген туристтердің 26 миллион 766 мың 240-ы шетелдік, 3 миллион 327 мың 206-сы шетелде тұратын азаматтар (?).
Қаңтар-шілде кезеңінде Түркияға келген шетелдіктер саны өткен жылдың бірдей кезеңімен салыстырғанда 16,22 пайыз артқан.
Түркияға ең көп турист жіберген елдер рейтингінде Ресей бірінші орында тұр. Өткен жылдың бірдей кезеңіне қарағанда 59,22 пайыз артып, 3 миллион 498 мың 614 адам келген.
Германия 7,32 пайыз өсім және 3 миллион 211 мың 724 адаммен екінші, Ұлыбритания 14 пайыз өсім және 2 миллион 63 мың 740 адаммен үшінші болды. Бұл елдерден кейінгі орында Болгария мен Иран тұр.
Қазақстан Каспий теңізінде қолдану үшін екі танкер сатып алды – «Parstoday»

Қазақстан Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақынжанов жексенбі күні «Астана үкіметі Каспий теңізінде қолдану үшін екі танкер сатып алды», - деді.
Бұл туралы осы аптада ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.
«Parstoday» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ерлан Ақынжанов: «Қазақстан мұнай экспорттауға балама жолдар қарастырып жатыр. Бірақ осы күнге дейін ең табысты бағыт Каспий құбыр желісі консорциумы (СРС) болды. Ол Қазақстан мұнайын Атырау облысынан Новороссийск айлағына тасымалдайды», - деген.
Каспий консорциумының құбыр желісі Қазақстанның Теңіз кенішінен Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийск айлағына жақын маңдағы мұнай терминалына дейін тартылған. Құбыр желісінің ұзындығы – 1580 км. Ресейдің үлесі – 31 пайыз, Қазақстанның үлесі – 19 пайыз.
