Заманауи смарт шамдар электр энергиясын 90 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді - Қ. Нұрекенов
Бұл туралы бүгін Алматы маңында «DS Multimedia CA» (Ди Эс Мультимедиа СиЭй) компаниясының «Tecata» (Алматы технологиясы) брендімен жарық диодты өнімдер шығаратын инновациялық зауытының ресми ашылу рәсімі барысында осы кәсіпорынның бас директоры Қанат Нұрекенов мәлім етті.
«Құрамында сынабы бар энергия үнемдегіш шамдар істен шыққан соң, оларды утильге жіберу талабы елімізде сақтала бермейді. Ал, біздің басты мақсатымыз - Қазақстанның ішкі нарығын шет елдік зиянды шамдардан қорғау. Замануи смарт шамдар электр энергиясын кәдімгі қызу шамдарымен салыстырғанда 90 пайызға, ал құрамында сынабы бар энергия үнемдегіш шамдармен салыстырғанда 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Смарт-технология арқылы үйде, сыртта күн жарығының, адамдардың жүріп-тұруының өзгеруіне қарай, жарық диодты шамның жарықтылығын, тіпті түсін контроллер арқылы бір орталықтан автоматты түрде өзгертіп отыруға болады. Біздің жарық диодты шамдар экологиялық жағынан таза, ал бағасы сапасы жағынан осы деңгейлес шет елдік шамдардан 30 пайызға дейін арзан», - деді Қ. Нұрекенов.
Сонымен қатар, ол зауытта бірегей R&D-зертханасы ашылғандығын жеткізді.
«Зертхананы өзіндік бір жобалау бюросы деуге болады. Онда біздің инженер мамандар осы салада оңтүстіккореялық зертханалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Яғни, болашақта мамандарымыз қажетті жарық диодты өнімдерді өз беттерімен жобалай алатын болады. Ал бұл, болашақта мұндай өнімдерді толығымен Қазақстанда өндіруге мүмкіндік береді. Ал әзірге бізде өнімдердің құрамдас бөлшектері шет елдерден жеткізіледі. Сөйтіп, осында құрастырылады», - деді Қ. Нұрекенов.
Зауытта қазір 50 жұмыс орны ашылды. Болашақта зауыт толық күшіне енген шақта жұмыс орындарының санын 150-ге жеткізу көзделген. Дегенмен, кәсіпорынның бас директорының айтуынша, зауытта білікті инженер электриктер жетіспеуде.
«Біз шынында да қазір өнімдерді жобалаумен айналыса алатын білікті инженер-электрик мамандарға мұқтажбыз. Қазір бізде бес инженер жұмыс істеп жатыр. Олар Оңтүстік Кореяда білімдерін жетілдіріп келген. Қазір инженерлерді көбейтуді жоспарлап отырмыз», - деді Қ. Нұрекенов.
Жоспар бойынша, зауытта жылына 400 мың дана LED-шамдар, 25 мың дана LED-экрандар және 38 мың дана LED-жабдықтар шығарылатын болады.
Айта кетелік, «DS Multimedia CA» ЖШС - Оңтүстік Кореялық «DS Multimedia» компаниясының серіктесі. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 2 гектар жерді алып жатқан бұл жеке компанияның құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарына 500 млн. теңге жұмсалған.
Бұл осымен әлем бойынша алтыншы «DS Multimedia» зауыты. Бұған дейін осындай зауыт Сингапурде, Малайзияда, Мысырда, Бразилияда және Оңтүстік Кореяда ашылған болатын.
Айта кетелік, «DS Multimedia CA» компаниясы өзінің «Tecata» брендімен шығарылатын өнімдеріне Қазақстан нарығында 3 жылдан 5 жылға дейін кепілдік береді.