Заманback, 46 түн: Евгений Кочетов көрермен наразылығына тап болған фильмдерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов Мәжілістің жалпы отырысында қазақстандық фильмдер былтыр қанша касса жинағанын айтты. 

Заманback, 46 түн: Евгений Кочетов көрермен наразылығына тап болған фильмдерді атады
Фото: instagram.com/kochetov_eugene

— 2024 жылы қазақстандық фильмдер кинотеатрларда шамамен 20 млрд теңге касса жинады. Бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Ең маңыздысы, қазақстандық көрерменнің таңдауы отандық туындыларға ойысып жатыр. Былтыр көрермен саны бойынша топ-20 фильмнің 70 пайызы қазақстандық фильм болды.

Президентті ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша е-Кино ақпарат жүйесі әзірленіп, пилоттық негізде іске қосылды. Қазір онда 63 кинотеатр қосылған. Келесі жылы барлық кинотеатрды қосамыз, — деді ол депутат Жанарбек Әшімжанның сұрағына берген жауабында.

Сондай-ақ, ол көрермен шағымына тап болған фильмдердің кейбіреуін атады.

— Кейбір фильмдерде қоғамда түрлі пікір тудыратын мазмұн бар. Мысалы, 2024 жылы шыққан Заманback фильміне көрермендерден орынсыз сөздер туралы шағым түсті. Ал биыл шыққан «46 түн» туындысынан зорлық-зомбылықты насихаттау фактісі тіркелді. Әрине, бұл фактілер бойынша министрлік прокат куәліктерін тоқтатты. Осындай фактілердің толық тізімін жазбаша бере аламын, — деді Евгений Кочетов.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері елімізде 60 отандық фильм (оның ішінде 10 ұлттық фильм), 200-ден астам шетелдік фильм кинопрокатқа шыққан

Соңғы жаңалықтар