Заң бұзушыларды міндетті түрде жазалау қағидатын қамтамасыз етеміз — Ержан Сәденов
АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында цифрландыру мен жасанды интеллекті одан ары дамытылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.
— Конституцияның Преамбуласы мен бірінші тарауында «Әділетті Қазақстан: Заң мен Тәртіп» қағидаттары нақты бекітілді. Бұл Ішкі істер министрлігінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және профилактиканы тиімді жүргізу үшін бірден-бір негіз саналады. Аталған нормаларды кешенді шаралар арқылы іске асырамыз, — деді ол.
Министрдің айтуынша, «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң аясында профилактиканың жаңа субъектілерін және қоғамды жұмылдыру, ерте ден қою, адамдармен жекелеген жұмысты күшейту, кәмелетке толмағандар және тұрмыстық зорлық құрбандарының құқықтарын қорғау басты назарға алынады.
— Жыл сайын Президент атына енгізілетін ұлттық баяндама жобасын әзірлеп, Үкіметке жолдаймыз. Заң бұзушылықтарда нөлдік төзімділік пен міндетті түрде жазалау қағидатын қамтамасыз етеміз. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында цифрландыру мен жасанды интеллектіні одан ары дамытамыз, — деді Ержан Сәденов.
Айта кетейік, елімізде қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланады.