Заң бұзушылықтарға жол берген ІІБ 25 лауазымды адамы тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Бұл туралы ҚазАқпарат Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Тексеру барысында қорғау нұсқамасы шығарылған адамдармен профилактикалық жұмысты тиісті түрде жүргізбеудің көптеген фактілері анықталды. Атап айтсақ, учаскелік полиция инспекторлары көбінесе нұсқама толтырумен шектеле отырып, құқық бұзушыларға қатысты профилактикалық бақылау шараларын мүлдем жүргізбеген, олар есепке алынбаған, жеке істер толтырылмаған. Аталған заң бұзушылықтар аудандық ішкі істер басқармасының лауазымды адамдарының осы жұмысқа формалды түрде қарайтынын көрсетіп отыр. Өз кезегінде, мұндай жағдай құқық бұзушыларда жазасыздық сезімнің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін», - делінген баспасөз айғағында. Осы мәселелер ескеріле келе, анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында тексеріс қорытындысы бойынша Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасының бастығына заңдылықтың бұзылуын болдырмау және осы бағыттағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін шара қолдану туралы ұсыныс енгізілген. «Заң бұзушылықтарға жол берген ішкі істер басқармасының 25 лауазымды адамы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген баспасөз айғағында.