16:43, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Заң күшіне енген күннен бастап электрондық БАҚ-тың мемлекеттік тілдегі хабар тарату уақытына қатаң мониторинг жүргізілетін болады ? М. Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеше Парламент Сенатының 2009 жылғы алғашқы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұдан бұрын да БАҚ-та талай жыр болған бұл заң Мемлекет басшысының қолы қойылғаннан кейін күшіне енеді.
Журналист қауымның құқықтық айнасы болып табылатын заңның негізгі мақсаттары, ондағы басым өзгерістер туралы пікір айтпаған бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен саясаткерлер кем де кем шығар. Пікірталастар ұйымдастырылды, ұсыныстар айтылды, тиісті талқылаулар жасалды, ризашылықтар да, қанағаттанбаушылықтар да болды. Нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдар, журналистік қауымдастықтар белсене араласқан заң бойынша шын мәнінде ақпарат саласының бәсекелестігін арттырудағы, журналистердің құқын қорғаудағы, ақпаратқа еркін қол жеткізудегі маңызды қадамдар жасалды. Бір ғана топтың емес қоғамның мүддесін қорғайтын құжат сенаторлар тарапынан да үлкен қолдауға ие болды. БАҚ саласындағы ұлттық заңнамадағы мемлекеттік тілге қатысты мәселе де сенаторлардың ерекше талқысына түсті. Шындығында да, билік пен БАҚ әсіресе мемлекеттік тіл мәселесінде өзара қолдау бағытында жұмыстар атқарса ұтарымыз мол.
Жалпы, осы уақытқа дейін БАҚ заңнамасындағы орын алып отырған олқылықтың «көрнектісі» де сол мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты болып жүргені де рас. Оның рас болатын себебі, бұған дейін мемлекеттік тілде хабар таратудағы заң талаптарының дұрыс орындалмауына байланысты қоғам арасында наразылықтар, сотқа жүгінушіліктер де бастан өтті. Бірақ, әділ соттың алдында мемлекеттік тілдің мерейі үстем болған жоқ. Ресми министрлік те бұны мойындайды. Неге екені түсінікті де ? хабар таратушылар ешқандай заңды бұзып отырған жоқ, бәрі де заң аясында. Заңның да солқылдақ тұсы осы болатын. Күндізгі «прайм тайм» уақытында таралатын қазақ тіліндегі хабарлар үлесі 5-6 пайыздан аспаса, оның есесіне ел ұйқыға кеткеннен таң атқанша қазақ тіліндегі хабар үлесті толтырса, заң талаптары орындалған болып шыға келеді. Яғни, формальды түрде - түнде көрсетілетін мерзімді қоса есептегенде талап етілетін кемінде 50 пайыздық мөлшер тура шығады. Оның үстіне қолданыстағы заңда тәуліктің белгілі мезгілі де мөлшері нақты көрсетілмеген. Сотта да осы мониторингті алға тартатындар мемлекеттік тіл туралы талаптарды дұрыс орындап отырған болып шығады.
«Қазақ тілінде хабар таратуды 50 пайыздан кем қылмау керек деген норма 1992 жылы мен министрлік басшысы болып тұрған тұста қабылданған болатын. Неге бұлай қабылданғаны да түсінікті еді - ол кезде біздің ұлттық құрамымыз төмен болатын. Тәуелсіздік алған кезеңдерде қазақ өз жерінде 40 пайызға әрең жеткен. Ал ендігі күні біздің ұлттық құрамымыз 60 пайыздан артып отыр. Біздің тіл мәселесінде арқа сүйейтін тірегіміз де мол. Сонымен бірге, бұрынғы кездегідей Мәскеуден бақыланып отыратын заман да жоқ, біз өзіміздің мәселесімізді өзіміз шешетін мемлекетпіз. Ендеше негізгі заңға иек арта отырып, министрлік заңдағы тіл талаптарын жұмыс тәртібімен шешсе дұрыс болар еді», деді Қ. Сұлтанов.
Ал жаңа заң бойынша бұл олқылық қалай толығады? Өткен кемшілікті қайталамау мақсатында Парламент қабылдаған заңға «тәуліктің әрбір 6 сағатында мемлекеттік тілдегі хабарлар тарату уақыты 50 пайыздан кем болмауы тиіс» делінген норма енгізілді. Яғни, қазақстандық арналармен бір тәуліктегі 24 сағатты кез-келген алты сағаттан бөлген кездің өзінде де, оның әр алты сағаты бойынша, күндіз де, түнде де кемінде 50 пайыз қазақ тілінде хабарлар таратылатын болады. «Біраз жылдар бойы көтеріліп жүрген осы мәселеге байланысты әрі хабар таратушылардың тағы да заңды айналып өтпесі үшін көптеген нұсқалар ұсынылып, қаралып шықты. Соның ішінде тәуліктің әрбір 6 сағатында қазақ тіліндегі хабарды 50 пайыздан кем қылмау керектігі туралы норма қабылданды. Бұл норманың орындалуы да қатаң бақылауда болады. Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап, біз тәуелсіз халықаралық сарапшыларды қатыстыра отырып, электрондық БАҚ қа мониторингті жүргізетін боламыз. Заңды дұрыс орындамағандар ендігі күні жазадан да құтыла алмайды», деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Осы нормадағы назар аударылуы тиіс бірден-бір мәселе «50 пайыздан кем болмауы керек» деген сөз болуы тиіс. Яғни, қазақ тіліндегі хабар таратуды 60-70-80 пайызға және одан да жоғары көтеруге болады. Бұдан ешкімнің де ешқандай да құқығы бұзылмайды. Өйткені республика бойынша өз өнімдерін тарата алатын кабельді операторларда 100-ден астам арналар тек қана орыс тілінде хабар таратады. Ал қазақстандық арналар бойынша сол баяғы 50 пайыздық сұраныс әлі де қанағаттандырылмағаны шындық. Тіпті қазіргі күні «Қазақстан» ұлттық арнасындағы қазақ тіліндегі хабарлардың пайыздық көрсеткіші 65-70 пайызды ғана құрап отыр.
Ал хабар тұтынудағы құқық туралы келетін болсақ, онда да ең алдымен қазақ тілді көрермендердің кемсітушілікке ұшырап отырғаны айдан анық. Осы тұрғыда сенатор Әбіш Кекілбайұлының уәжіне де назар аударылуы тиіс. «Жалпы, біз мемлекеттік тілде хабар таратудағы пайыздық мөлшер туралы әңгіме өрбітіп отырмыз. Ал бұл мәселедегі ең іргелі құқық азаматтардың өз қалауынша еркін түрде ақпарат алу құқығы болып табылады. Қазақстанда көбінесе осы құқыққа мән берілмей келеді. Осы реттен келгенде елдегі телеарналарда «көрер көзге алақолдылық» шығып отыр. Мәселен, еліміздің бір топтағы азаматтары өз Қазақстанында тұрып 40-60 арнадан орыс тілінде сұранысын қанағаттандыра алатын ақпараттар ала алады. Оның ішінде көрермендердің ақпараттық қана емес, білімдік, танымдық, көңіл-күйлік құқықтары да тегіс қамтылады. Сол секілді тағы бір екінші топ тәулігіне 6 сағат қана болатын қазақ тіліндегі хабарларға таласып-тармасып жатады. Оның үстіне қазақы көрермен тұтынатын тауардың өзі «күндізі» болмай «түнді» күтіп жатады. Соның өзінде де «қақалып шашалған», бір ақпаратты қырық түрлі құбылтып қайталаған жаңалықтарға жәудіреп отырады. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың бүгінгі тыңдарманы мен көрермені бұрынғы кеңестік кезеңдегі ақпарат алу құқығы деңгейінен де айырылып қалды, деп айта аламын. Мінеки, осы алақолдылықты қалай жоямыз?! Мәселен, әрбір адамның өз отанында өз ана тілінде телеарнаны білім алу үшін пайдалануға құқығы болуы тиіс. Сондықтан да қазақ тілінде білімдік, танымдық арнасы ашылуы тиіс. Сонымен бірге, осы заманғы телекөрермен мәселен «Дискаверидің» бағдарламасынсыз өмір сүре алмайды, «Халықаралық географиялық арнаны», тарихтан сыр шертетін арнаны көрмесе тұра алмайтындар бар. Табиғатты насихаттайтын арналарды ғана тамсанып көретіндер де бар. Ал қазақы көрермендердің көз алдына, талғамына бұл мәселе әлі жеткен де, келген емес. Келсе де ондай білімдерді тек шетел тілінде алуға ғана құқы бар болып отыр. Ендеше біз өзіміздің көрерменімізді кемсітушілікке ұшыратып жүргенімізді білеміз бе?», деді сенатор.
Ә. Кекілбайұлының көтерген мәселесіне жауап бере келе министр М. Құл-Мұхаммед, алдағы уақытта ондай олқылықтарды қабылданған заң шеңберінде қарастыруға болатынын атап өтті. Министрдің айтуынша, қазіргі телерадио хабарларын тарату жиілігі барлық қазақстандық телерадиоарналарға бөлініп берілген. Олардың ішінде «Қазақстан», «Хабар», «Еларна» мен «Каспионет» арналары ғана мемлекеттік болып табылады. «Үкімет тарапынан сандық телевидениеге көшу бағдарламасын жасау аяқталып келе жатыр. Реті келсе, жыл соңына таман еліміздің бір өңірін сынақ ретінде сандық арналарға көшірмекпіз. Ал одан не ұтамыз? Бұдан ұтарымыз, біз бір ғана «Хабар» секілді телеарнадан тоғыз жиілікті орын босатып аламыз. Яғни, қазіргі «Хабар» таралып отырған жиіліктің өзінен 9 арна ашуға мүмкіндік туады. Сонда барып, бір арнаны бастан аяқ спортқа, бір арнаны білімдік-танымдық мәселелерге, тағы бірін ойын-сауық бағдарламаларына арнап ашуға мүмкіндігіміз туады деп ойлаймын. Тіпті тәулігіне тек мемлекеттік тілде ғана хабар тарататын арнаны осы арадан қарастыруға болады. Сонымен бірге, Елбасы «Еларнаны» жастар мен балаларға арналған бағдарламалар тарататын арна ретінде ашу туралы тапсырма берген. Бірақ, бұған дейін арнаның жаңа бюджеті белгіленбей келді. Былтыр жыл ортасында ондай мүмкіндік те болмады. Бірақ, биылғы жылдың бюджетінде тиісті қаржы қаралды. Яғни, «Еларнаны» жастар мен балалар арнасы ретінде отбасылық арна етіп қайта құру мақсаты көзделіп отыр. Сондықтан да биылдан бастап жаңағы арнаның түрі де мазмұны да өзгере бастайды», деді министр.