Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Заң қызметі мінсіз, орындаушылық тәртіп деңгейі жоғары болуы тиіс - БҚО әкімі Н.Ноғаев

ОРАЛ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәжілісі болып, онда өңірдегі нормативтік-құқықтық актілердің және мемлекеттік органдарда орындаушылық тәртіптің жай-күйі қаралды.

Заң қызметі мінсіз, орындаушылық тәртіп деңгейі жоғары болуы тиіс - БҚО әкімі Н.Ноғаев

Облыстық әділет департаментінің бастығы Әсия Мұхитованың мәлім еткеніндей, өңірдегі мемлекеттік органдарда, түрлі деңгейдегі әкімдіктерде жасалған нормативтік-құқықтық актілердің заңға қайшы тұстары да аз кездеспейді.  Бұл ретте әкімшілік жауапкершілікке тартылған лауазымды қызметкерлер баршылық. Тіпті мәселе кейде ушығып, сотқа дейін барып жатады. Сондықтан атқарушы билік пен әділет органдары арасында өзара түсіністік керек. Жобаларды бірлесіп жасауға немесе заңға қатысты кеңес беруге толық болады.

Осыған орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Әр мекеменің заң қызметі мінсіз болуы тиіс. Заңдарды жақсы білген адам жаза баспайды, басқалардың да уақытын алмайды. Кейде екі басқарма бір ғимаратта отырып, облыстық әкімдік арқылы хат жазысып жатады. Мұның бәрін ретке келтіруге болады. Ең алдымен кадрлардың біліктілігін арттыру қажет», деді.

Екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімі аппаратының басшысы Амангелді Дәулетжанов, бірқатар басқармалардың облыс әкімдігінің тапсырмаларын кешіктіріп орындайтынына назар аударды. Сондай-ақ азаматтардың арыз-шағымдарын қарауда да олқылықтар бар. Кейбір аудандарда кадрлардың жиі ауысуы орын алған.

«Қандай талап та Елбасы тапсырмаларын орындау бағытында қойылады. Ең алдымен, қызметкерлер өзінің атқарып отырған жұмысына сай болуы керек. Кадрлар резервін қалыптастыра отырып, берілген тапсырмалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметкерлердің беделін көтере білуіміз қажет. Тәртіпті болғаннан біз ұтылмаймыз. Әркім өз орнында өз қызметін адал атқарса ғана іс алға басады. Қызмет көлігіне дейін тек қызмет бабында пайдаланылуы керек», - деді мәжілісті қорытындылаған облыс басшысы.