Заң шығару институты жанынан Лингвистикалық орталық құрылады
Дөңгелек үстел барысында заң жобаларының түпнұсқалығы мәніне ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу мәселелері жайында әңгіме өрбіді. «Бүгінгі күні заң жобаларын әзірлеу барысында қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерге қатысты қоғам тарапынан, депутаттар мен ғалымдар тарапынан да бірқатар сыни пікірлер қалыптасып отырғаны белгілі. Сондықтан да, осыдан біраз бұрын нормативтік құқықтық актілер жөніндегі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп, заң жобаларына лингвистикалық сараптама жасаудың міндетті түрде жүргізілуі қажеттігін көрсеткен болатынбыз. Ондай сараптамаға қатысты құзырет Үкіметке берілген еді. Сондықтан да, Үкімет заң жобаларына сараптама жасайтын орган ретінде заң шығару институының ішінен лингвистикалық орталық құруды қолға алатын болады. Бұл жөніндегі қаулы бойынша 20-ға тарта маман үшін штат қарастырылып, арнайы бюджеттік қаражат бөлінеді», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов. Аталған орталық мемлекеттік органдар тарапынан әзірлеген заң жобаларын міндетті түрде лингвистикалық сараптамадан өткізумен айналыспақ.
Басқосуда мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған жұмыс тобы мемлекеттік тілдегі заң терминдерінің бірыңғай қолданылу қажеттілігін атап өтіп, бұның нормативтік құқықтық актілер мәтіндеріндегі сәйкессіздік мәселелерін шешетініне назар аудартты. Жиын қорытындысына орай, дөңгелек үстелге қатысушылар бірқатар ұсынымдар қабылдады.