Заң және тәртіп қағидатын іске асыру жөніндегі комиссия құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияға қатысты жарлыққа өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, құжаттың атауы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы» деп жаңа редакцияда жазылды.
Комиссия құқық бұзушылықтардың алдын алу және 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін тұрақты консультативтік-кеңесші орган болады.
Мемлекеттік органдардың жұмысына талдау жүргізіп, ұсынымдар әзірлеу үшін ведомствоаралық топ құрылады. Оның қызметі жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындалады.
Өзгерістерге байланысты комиссияның негізгі өкілеттіктері бекітілген. Атап айтқанда, ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіреді.
Сонымен қатар комиссия құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерінің жұмысын жетілдіру және «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.
Оған қоса, комиссия құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы бағдарламалық құжаттар мен тиісті тұжырымдаманың іске асырылу барысын қарайды.
Сондай-ақ Үкіметке, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.
Комиссия құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелері бойынша ақпараттық материалдар дайындап, Үкіметке және тиісті жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жолдайды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларының құқық бұзушылықтардың алдын алу және тиісті тұжырымдаманы іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдап, олардың қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлейді.
Комиссия ведомствоаралық топтың ұсынымдарын да қарайды.
Сондай-ақ оның құзыретіне 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру туралы қорытынды есепті дайындап, Үкімет қарауына енгізу және кейінгі жылдарға арналған «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі бағдарламалық құжаттың жобасын әзірлеу кіреді.
Комиссия құрамына кімдер енді
Комиссияны Қазақстан Республикасының Премьер-министрі басқарады. Ішкі істер министрі оның орынбасары, ал Ішкі істер министрлігінің Құқық бұзушылықтардың профилактикалық жұмысын үйлестіру комитетінің төрағасы хатшысы болып белгіленді.
Комиссия құрамына сондай-ақ Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі, Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі кіреді.
Сонымен бірге комиссия мүшелері қатарына Қорғаныс, Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Әділет, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік, Қаржы, Оқу-ағарту, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция, Төтенше жағдайлар, Туризм және спорт, Энергетика министрлері енгізілді.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылары, сондай-ақ Президент кеңесшісі — Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы бар.
Комиссия мүшелері отырыстарға жеке қатысады. Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары отырыстарға жеке қатыса алады немесе комиссия төрағасымен келісу арқылы өздерінің жетекшілік ететін орынбасарларын уәкілеттік ете алады.
Комиссия отырыстарына шақырылған тұлғалар да қатыса алады.
Жарлық 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеудің маңызын айтқан еді.