Заң жобалары қабылданғанға дейінгі кезеңдердің барлығында сараптамалық қамтамасыз етілуі керек - Мәжіліс депутаты Н.Әбдіров
ТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан мемлекеттілік қалыптасудың алғашқы кезеңін табысты еңсеріп, егемендік құндылықтарын нығайта отырып, жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Осы бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «жаңғыру» терминінің қайта ойлану, қоғам дамуының тұжырымдамалы бағыттарын қайта бағалау, мемлекет қызметінің сан-саласының барлығын сапалы қайта жаңғыртуды білдіретінін бірнеше мәрте қадап айтқан болатын.
Бұндай үндеу құқықтық мәртебенің өзекті әлеуметтік трендіне айналған заң шығармашылығы қызметіне де тұтастай қатысты болып табылады. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісімен сұхбат барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі, профессор Нұрлан Әбдіров өзі басқаратын партияның Құқықтық кеңес қызметі төңірегінде әңгімелеген болатын
- Нұрлан Мәжитұлы, партия жанындағы Құқықтық кеңестің құрылғанына жылдан асты. Осы уақыт аралығында аталған Кеңес өзін қай жағынан таныта алды? Саяси, әлеуметтік-экономикалық оқиғаларға толы болған осы кезең ішінде Кеңес қызметінің нәтижелері нешік?
- Өткен жыл ішіндегі біздің қызметіміздегі ең басты жетістік ретінде «Нұр Отан» ХДП жанында мамандандырылған құқықтық пікірталастық алаңның қалыптасқанын айтуға болады. Құқықтық кеңес қоғамның аса өзекті мәселелері бойынша көптеген пікірлер қайшылығын зерттеуге және жүйелендіруге қол жеткізе алатын аса тиімді құрал ретінде өзін танытты. Оның шеңберінде жүзеге аса бастаған бастамалар нақты заңнамалық нормалар бойынша көрініс тауып келеді. Бүгінгі күні бізде «Нұр Отан» ХДП жанындағы Парламентаризм институымен бірлесе әзірленген «Бұқаралық ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы бар. Құжатпен жұмыс істеу барысында Мәжіліс депутаты Жақып Асановтың жетекшілігіндегі жұмыс тобы Қазақстанның көптеген өңірлерін аралап шықты, «дөңгелек үстелдер» сериясы өткізілді. Осындай алқалы басқосулар барысында айтылған сын-ескертпелер, ұсыныстар жобада барынша қамтылып отыр. Осыған орай, жалпы заң жобасы өркениетті дамудың барлық заманауи талаптарына толық сәйкес келеді деп айтуға негіз баршылық. Бұндай пікірді еліміздегі азаматтық қоғамның отандық институттары, оның ішінде ІТ-секторында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдары да, сонымен қатар ЕҚЫҰ/БДИПЧ сарапшылары, БҰҰ Даму бағдарламасы, «Артикль-12» секілді шетелдік әріптестеріміз де қолдауда. Құжаттың жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жаңғырту бөлігінде де айтарлықтай пысықтаулар жасалып отыр. Жалпы, негізгі мақсат жергілікті жерлерде мемлекеттік механизмдер жұмысының аса тиімділігі үшін оңтайлы үлгілер табу, қоғамдық ресурстар әлеуетін барынша белсенді қолдану болып табылады.
- Заң шығармашылығы қызметіндегі аса өзекті мәселелердің бірі ретінде заңнамалық сараптамалар жүргізу қажеттілігі айтылады. Бұл бағыттағы жұмыс қаншалықты табысты жүргізілуде?
-Рас, дәл осы мәселе - Құқықтық кеңестің басымдықтарының бірі. 2010 жылы біз осы тақырыпқа Парламентте ауқымды халықарлық форум арнадық. Бұған да негізінен заң шығармашылығымен айналысатын сарапшылардан бөлек, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесінің өкілдері, көптеген үкіметтік емес ұйымдар басшылары қатысты. Жиын қорытындысына орай, ұсыным ретінде айтылған бірқатар ұсыныстар Үкіметке жолданды. Мәселен, біз заң жобасының барлық кезеңдері бойынша, тіпті жоба заң ретінде қабылданғанға дейінгі кезеңдердің барлығында да міндетті түрде сараптамалық қамтамсыз етулермен қамтылуы шарт деп есептейміз. Өйткені, Парламентте де заң жобалары айтарлықтай өзгеріске ұшырап жатады, соған қарамастан біз дәл сол кезеңдегі түзетулер бойынша сараптаалық бағалар алуға мүмкіндігіміз бола бермейді. Сараптамалық ұйымдар, ережелерге сәйкес, заң шығарушы орган палаталарының жалпы отырыстарына қатыса амайды. Осы мәселеде белгілі бір қалыптасқан ереже болмай тұр. Менің ойымша, заң шығармашылығы үдерісіндегі осы мәселені түзету керек.
- Құқықтық кеңестің басымдықтарына тағы қандай мәселелер кіреді?
- Елбасының айқындаған стратегиясына сәйкес, біздің еліміздің алдында әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндеті тұр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін үдемелі индустриялық даму бағдарламасы және басқа да бағдарламалар қабылданды. Біз осындай ұлы мақсаттарды толық орындауға тиіспіз. Ал осы бағыттағы табыстылықтың басты шарты - жоғары білімді, креативті азаматтар тәрбиелеу. Біз өткен жылы ҚазҰУ базасында дөңгелек үстелдер өткіздік, оның қорытындысы бойынша «Болашақтың зияткерлік секірісі» атты кітап та басып шығардық. Жалпы біздің осы бағыттағы ұстанымымыздың екі аспектісі бар. Оның біріншісі, менің пікірімше, тұтастай ұлттың зияткерлігін арттыру туралы болып отыр. Тіпті бұны бүкіл елдің өркениеттілігін көтеру деп те айтуға да болады. Бұнда негізінен білімге көп маңыз беріледі. «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» - міне, бұлар біздің алған бағытымыздың басты бағдары. Дегенмен, бәрін мектепке дейінгі мекемелерден бастау керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, бүгінгі бәсекеге қабілетті азаматтың тұлғалығын тек білімі ғана емес, рухани кемелденуі де ерекшелендіретінін есте ұстаған ләзім. Бүгінгі күні адамды адам ететін құндылықтарды таратушылар негізінен ересек, аға буын өкілдері болып отыр. Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге үнемі назар аудартып келеді. Менің ойымша да, біз осы мақсатта қайсыбір дүниелерді толық атқармай отырған тәріздіміз. Сондықтан да, бүгінгі күні мектептердің, медициналық мекемелердің, демалыс орындарының, жаңа стандарттарына, олардың саны мен орналасу тығыздығына баса назар аудару керек деп ойлаймын. Зияткер ұлтты қалыптастырудың тағы бір қыры бар: елдің ертеңгі тізгін ұстарларын, қандай да бір саладағы, өндірістегі көшбасшы болатын элиталар тобын қалыптастыра түскен маңызды. Олар бір жағынан жоғары сыныпты менеджерлер болса, екінші жағынан салмақты шешімдер қабылдауға әрқашан дайын тұратын, елдің ертеңін ойлайтын, сол үшін өздеріне барынша жауапкершілік ала алатын тұлғалар болып табылады. Айтпақшы, біз осы бағытта «Болашақ» бағдарламасын бітірушілер қауымдастығымен тығыз байланыстамыз, көтеген өзекті мәселелерде бірге жұмыс жасап келеміз. Жақын аралықта Құқықтық кеңес бірқатар шараларға бастамашылық жасамақ. Оның ішінде қазірдің өзінде біздің шетелдік әріптестеріміздің қызығушылығын тудырып жатқан шаралар баршылық.
- Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қарай дайындалып жатырсыздар?
- Біздің барлық бастамамыз дерлік осы мерейлі мерекемен тығыз байланысты. Тәуелсіздік күні қарсаңында біз халықаралық тақырыптық «дөңгелек үстел» жиынын ұйымдастырмақпыз. Онда негізінен жеткен жетістіктеріміз ғана сараланып қоймайды, ел үшін ең өзекті мәселелерге де назар аударылып, алдағы дамудағы маңызды шараларды айқындауға ұмтылыс жасалады. Оның ішінде де құқықтық саладағы мәселелер кеңінен қамтылмақ. Және бір блок шаралар ауқымында біз Елбасы баса мән беріп отырған құқық қорғау органдарының реформасына арналған жиынды атқармақпыз. Бұл ретте мемлекеттік биліктің аса ауқымды ұйымы болып табылатын, әрі күн сайынғы жұмысы халықпен тығыз байланысты болып отырған полициядағы мәселелерді де талқылаймыз. Жалпы полицияның жұмыс сапасына қарай билік тұтастай сыналатынын есте ұстауға тиіспіз. Президент Н. Назарбаев айтпақшы, қарапайым азаматтар полицияның жұмысын өздерінің қауіпсіздігінің қорғалуына, қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне қатысты бағалайтын болады. Бұл нағыз дұрыс өлшем. Сондықтан да, Елбасы келесі жылға қарай «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң қабылдауды жүктегені белгілі. Осыған орай, полиция саласы заңнамалық жаңғырудың тұтастай толқынына ұласатын болады.
Жалпы заңнама шығармашылығы тұрғысынан келетін болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда 290 базалық заңдар бар болса, олардың үштен бірі дерлік «екінші толқын» (жаңа ұрпақ) заңдары. Бұл үдерістің өзі еліміздің дамуының жаңа, жоғары деңгейге көтерілгенін білдіреді. Едеше заман ағымына, ел дамуына сай жаңа заңдар да қабылдана беруі шарт.
-Өткен жолы Президент экономика саласындағы қылмыстарды криминалсыздандыру туралы тапсырма берген еді. Осы тұрғыда Құқықтық кеңес қандай кеңес бере алады?
- Негізінен бұл бағытта құқықтық кеңестің ұсыныстары төмендегідей: кейбір жағдайларда болмаса - «заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру» (Қылмыстық кодекстің 189 бабы) және «рейдерлік» (ҚК 226-1) - аса ауыр емес экономикалық қылмыстарға қатысты бостандықтан айыру туралы санкцияны алып тастау керек. Мұндағы «аса ауыр емес» деп тұрған анықтаманың өзі қылмыстың осы санатындағы аса ауыр емес әлеуметтік қауіпті ғана білдіреді, сонымен қоса жазалаудың толып жатқан балама түрлері де баршылық қой.
Біз 1998 жыл мен 2009 жылдар арлығындағы Қылмыстық кодекстің 7-бөлімі бойынша, яғни экономикалық қылмыстар үшін жауапкершілікті қарастыратын баппен қозғалған қылмыстық істер бойынша статистиканы сараптап көріп едік. Осы 12-жылдық кезеңде 38 мың 320 қылмыстық іс қозғалған екен. Соның ішінде соттар арқылы қаралып, айыптау үкімдері шығарылғандардың саны 8 156 немесе 21,3 пайызды ғана құрап отыр, ал 30 мыңнан астамына сот өндірісі тоқтатылған. Осының өзі аталмыш нормалардың кәсіпкерлікке қатысты сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын тетік ретінде қолданылатынын көрсетіп, қара ниеттіліктің қаупін аңғартып тұр емес пе?! Бұдан бөлек, біз қазіргі заңнамадағы экономикалық қылмыстар үшін қарастырылған «ірі залал», «ірі көлемдегі табыс» секілді көрсеткіштерді еселеп арттыруды ұсынамыз. Сонымен қатар Қылмыстық кодекске егер кінәлі деп танылған тұлға тарапынан барлық келтірілген залал өз еркімен өтелетін болса, әлгі қылмыстыға қатысты бас бостандығынан айырмайтын тетіктерді енгізуді ұсынамыз.
Біздің көптеген бастамаларымыз перспективаға негізделген деп айтқым келеді. Мәселен, ең алдымен материалдық залалдардың өтелуін екі есеге дейін арттыратын экономикалық қылмыстарға қатысты мүлдем жаңаша айыптаулар түрін енгізуді ұсынамыз. Бизнес-қауымдастық бұл идеяны оң қабылдап отыр. Расымен де, экономикалық қылмыстан жапа шегуші үшін басты мәселе - бұл сондай жапа шегушінің мүліктік құқын толығымен қалпына келтіру болып табылады емес пе?! Ал қазір бұл орындалып отырған жоқ. Осы ретте бұндай қадамның біздің менталитеттік тұрғымыздан да үндесетінін айтып өткім келеді. Мысалы «ат-тон айыбын» өтеу мен «құн» төлеу қазақтың дала заңдарында ықылымнан бар. Яғни бұл тұрғыда біз ешқандай да жаңалық ашып отырғанымыз жоқ, керісінше ата-бабамыздың өркениетті жолына, дана ұстанымына қайта оралуға ұмтылып отырмыз.
Жалпы, менің ойымша бізге жаңа ұрпақтың Қылмыстық кодексін қабылдайтын уақыт жетті. 1998 жылғы 1 қаңтардан бері қолданылып келе жатқан Қылмыстық кодекстің өзгеріске ұшырамаған тұсы кем де кем - осы жылдар ішінде құжат өте үлкен түзетулерді бастан өткерді. Сондықтан да жаңа Қылмыстық кодекспен жұмысты қазірден қолға алып, оны соза бермей 1-2 жылдың ішінде Мәжіліске заң жобасы ретінде ұсыну керек. Дәл осындай Қылмыстық-процессуалды және Қылмыстық-атқару кодекстері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, сонымен бірге мемлекеттің, азаматтың мүдделері және құқықтарының бұзылуына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін барлық заңдарды жаңаша қалыптастырған ләзім.
- Сіз рақымшылық туралы мәселеге қалай қарайсыз? Соңғы жылдары рақымшылық туралы көп әңгіме болып жүрген тәрізді?
- Соңғы уақытты шынымен осы рақымшылық туралы көбірек айтылуда, соған байланысты мынадай көрсеткіштер келтіріледі: елімізде бас бостандығынан айыру орындарында 49 мыңға тарта адам отыр. Бұл расымен біз үшін өте көп. Осы төңіректе жақында бұқаралық ақпарат құралдарында Бас прокуратураның 13 мыңға тарта адамға рақымшылық жасалатыны туралы ақпарат жарыққа шықты. Әйтсе де бұл «түрмедегі жұрттың» санын қысқартуға соншалықты әсер ете алмайды. Әлгі көрсеткішке келсек, бас бостандығын айыру орындарынан тек 2 мың 200 адам ғана босатылады, ал рақымшылық жасалатындардың қалған бөлігі түрмелерде отырғандар емес. Жалпы, менің жеке көзқарасым рақымшылықты мәжбүрлі шара ретінде қарастыру уақыт өте келе нонсенке айналуы керек. Рақымшылық - бұл заңнаманың және сот практикасының жетілмегендігін білдіреді.
- Құқықтық кеңестің келешек перспективасын қалай бағалайсыз?
- Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде қалыптасты - бұл жалпыға мойындалған факт. Менің ойымша, біз біраз уақытқа дейін жетістіктерімізге масайрап, масаттану күйіне еніп бара жатқандай едік, алайда дағдарыс дереу есімізді жинатты. Дегенмен ең бастысы, біз әуел бастан-ақ Тұңғыш Президенттің дана басшылығымен жасалған дұрыс таңдау бағытына түстік. Бүгінгі күні - Қазақстан тәуелсіз дамудың оң тәжірибелерін өткерген, толыққанды қалыптасқан мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің қоғам үшін ең өзекті мәселелерді талқылайтын, оның қабылдаған шешімдері мемлекетке де қоғамға да тек қана пайда әкелетін перспективалы алаң болып қала беретініне сенім мол. Біз пікірталасқа ашықпыз. Сондықтан да, болашақ үшін маңызды, келешекке қызмет ететін мәселелерді талқылауға, тыңдауға, сараптауға және шешім қабылдауға әрқашан дайынбыз.
-Әңгімеңізге рақмет.