18:07, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Заң жобаларының сапасы бойынша Әділет министрлігінен жауапкершілік ерекше талап етіледі - Үкімет басшысы
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылдың ең басты мәселесі - жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобасы қабылдануына байланысты Парламент Мәжілісі депутаттарына алғысын білдірген Үкімет басшысы, бүгін Ұлттық әл-ауқат қоры бойынша маңызды заң жобасы қабылданды. Енді Парламент Сенатында да жүйелі жұмыс істейтінімізге сенемін. Себебі, бұл маңызды заң экономиканы тұрақтандыру мен дағдарысқа қарсы бағдарламаға байланысты мәселелерді шешуде қажет. Қазіргі таңда Үкімет неғұрлым нақты әрі тиімді шешімдер қабылдаса, кейіннен әлемдік қаржы дағдарысының салдары еліміз үшін соғұрлым жеңіл болады», деді.
2008 жылы Әділет министрлігі заң жобалары бойынша жұмысты өз дәрежесінде атқара білгеніне тоқталған Премьер-Министр, «2009 жылы да заң жобаларының сапасы бойынша министрліктен жауапкершілік ерекше талап етіледі. Атап айтқанда, биылғы жылғы заң жобалары алдағы тұрған міндеттерді шешуі тиіс», деді.
Сонымен қатар К. Мәсімов Әділет министрі Зағипа Балиеваға Үкімет басшысының жеке блогындағы бұл саланың мәселелеріне қатысты келіп түскен сауалдарға жауап беруді тапсырды.