09:36, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Заң жобасының негізгі мақсаты ? еліміздің ветеринария жүйесін мемлекеттік басқару мен реттеуді жетілдіру
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға салуға дайын. Мәжілістің аграрлық мәселелер комитеті аталмыш заң жобасы бойынша осындай қорытынды берген,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кейбір заңдарға ветеринарияға қатысты түзетулер енгізуді қарастырған заң жобасын Үкімет Мәжілістің қарауына 2007 жылғы қыркүйекте енгізді. Заң жобасы 2008 жылғы маусымның 19-ында бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасының негізгі мақсаты ? Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесін мемлекеттік басқару мен реттеуді жетілдіру. Сондай-ақ ветеринариялық ұйымдардың қызметін қайта қарау, ветеринариялық-санитариялық әл-ауқатты және тамақ өнімінің, ветеринариялық препараттардың және дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кемшіліктерді жою арқылы еліміздің ветеринария саласындағы заңнамасын жетілдіру болып табылады.Бұдан басқа Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі адам мен жануарлардың саулығын және өндірілетін тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына белгілі бір құқықтық нормаларды енгізуді талап етеді. Депутаттардың ветеринария саласындағы уәкілетті органның құзыретін нақтылауға қатысты түзетулеріне Үкіметтен оң қорытынды алынған. Қазіргі уақытта заң жобасы бойынша салыстырма кестеде депутаттар берген ұсыныстары бойынша қалыптастырылған 57 қабылданған позиция қамтылған.