Заңға енгізілген өзгертулер дипломатиялық қызметтің рөлін арттыруға бағытталған -Мәжіліс депутаты С. Есжанов
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатта қабылданды. Қазір Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды. Аталған заң жобасына Парламент депутаттары Сауырбай Есжанов, Уәлихан Қоңырбаев, Уәлихан Қалижанов, Сағынбек Тұрсынов, Наталья Геллерт, Қуаныш Сұлтанов, Оралбай Әбдікәрімов, Ғани Қасымов бастамашылық жасады.
Жуырда бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінде жалпы талқыға салынып, бірқатар пікірлер айтылған соң, толықтай мақұлданды.Заң жобасының бастамашылары атынанқос Палатаның жалпы отырыстарында дипломатиялық қызметті жетілдіруге бағытталғаносы заң жобасы туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сауырбай Есжанов баяндама жасап, әріптестерінің сұрақтарына жауап берді. Депутат осы заң жобасының көздеген мақсаты жөнінде, оның қолданысқа енген кезде аталған саланы дамытуға қаншалықты тиімді әсер ететіні жайлы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
- Сауырбай Көлбайұлы, елдің сыртқы мәселелерін реттеп отыруда, мемлекетімізді әлемдік қоғамдастыққа танытуда дипломатиялық қызметтің маңызы айрықша екені белгілі. Осы орайда бұл саланы реттейтін заңға тоқталып өтсеңіз?
- Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастырылу тәртібін айқындайтын негізгі нормативтік құқықтық акті - 2002 жылғы 7 наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заң.
Ата Заңымыздың 61-бабының 1-тармағына сәйкес және «Қазақстан Республикасының Парламентінің және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстанның Конституциялық заңының 15-бабында, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Регламентінің 71-тармағында және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Регламентінің 25, 26, 27-тармақтарында айқындалған тәртіппен «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына ұсынылды.
Заң жобасы дипломатиялық қызмет органдарынан кәсіби білікті кадрлардың кетуінің ұлғаюына байланысты дипломатиялық қызмет саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеудің қорытындылары бойынша әзірленген. Сондай-ақ білікті мамандар үшін дипломатиялық қызметтің тартымдылығын, аталған қызметтің кәсіби персоналын сақтау және тиісінше Қазақстан өкілдігінің халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында әзірленген.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы, алдағы болатын Ислам конференциясындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы төрағалық ету жағдайында бұл заң дер кезінде қолға алынып отыр деп есептейміз. Себебі дипломатиялық қызметтегі біздің республикамыздың азаматтарын материалдық қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғау мәселелерін шешу қажет. Дипломатиялық сала қызметкерлерінің жоғары кәсіби деңгейде орындаған жұмысы ғана біздің мемлекетіміздің беделін халықаралық деңгейде көтеруге ықпал ететінін атап өткім келеді.
Сыртқы істер министрлігінежыл сайын жаңа сапалық деңгейдегі талаптар қойылады. Бұл кәсіби, тәжірибелікадр құрамын сақтап қалуды, сондай-ақ жас білікті мамандарды тартуды көздейді.
Көрсетілген шараларды іске асыру мемлекеттің күш-жігерін дипломатиялық қызмет саласының қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етуді одан әрі нығайтуға, сондай-ақ дипломатиялық қызмет органдарындағы еңбек қызметін жүзеге асыруға байланысты басқа да кейбір мәселелерді жетілдіруге бағыттауды талап етеді.
- Сіздер бастамашы болған жобада қандай түзетулер қарастырылды?
- Осы заң дипломатиялық қызмет персоналын және олардың отбасы мүшелерін материалдық қамтамасыз ету, оларға медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ дипломатиялық қызмет саласының ардагерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейлерін арттыруды көздейді.
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңның 25-бабының 1-тармағына сәйкес шет елде болу дипломатиялық қызмет персоналы мен олардың отбасы мүшелеріне қандай да бір залал келтірмеуге тиіс екендігі бекітілген.
Сонымен қатар дипломатиялық қызмет персоналы шетелге ұзақ мерзімді іссапарға шыққан кезде оның отбасы мүшелері бірге барады, осының салдарынан олар Қазақстандағы жұмысын тастап кетуге мәжбүр болады. Осы жағдай сол барған мемлекетінде жұмысқа орналасу және зейнетақы аударымдарын жүзеге асыру мүмкіндіктерініңболмауы, сондай-ақ кәсіби дағдыларын жоғалтуы сияқты теріс салдарға әкеп соғады. Дипломатиялық қызмет персоналы жұбайының шетелде мамандығы бойыншажұмысқа орналасуы мүмкін емес.
Отбасын құрмаған, шет елге шығатын жас дипломаттар мен елшілікке жұмысқа отбасымен баратын дипломаттар бірдей жалақы алатынын, дипломаттың отбасымен бірге шет елде тұруына байланысты шығыстары бойдақ дипломаттардың шығыстарынан елеулі түрде артық болатынын атап өткен жөн.
Осыған байланысты еңбекке ақы төлеу жүйесі сараландыжәне халықаралық тәжірибе ескерілді. Венгрия, Норвегия, Молдова, ШвейцарияКонфедерациясы, Болгария, Литва, Түркия және тағы басқа елдердің тәжірибелері сараланды. Дипломатиялық қызмет персоналының лауазымдық айлықақысына онымен шет елге бірге барған жұбайы мен кәмелетке толмаған әр баласы үшін үстемеақы белгілеу қажеттігі ұсынылды.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, заң жобасы мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтіндіктен қорытынды алу үшін Қазақстан Үкіметіне жіберілді.
- Үкіметтен қандай қорытынды келді?
- Үкімет берген қорытындыда Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды тиісті шет мемлекеттердегі шетелдік мекемелер персоналына теңестіру Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылатыны атап өтілген.
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырза депутаттарға берген жауабында мемелекеттік шығыстардың ұлғаюын көздейтін заң жобасындағы бірқатар (1-бабының 4), 6), 8), 9) және 10) тармақшалары) ережелер ағымдағы жылғы 27 қыркүйекте өткен Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау таппағанын айта келіп, соған орай заң жобасының аталған ережелерін алып тастауды ұсынған.
Үкімет заң жобасының Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын пайдалануға, Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде қызметке тағайындау және одан босату құзыретін шектеуге, жоғары дипломаттық дәреже беруге, дипломатиялық қызметтің қызметкері немесе жұмыскері шетелде қайтыс болған жағдайда бір жолғы жәрдемақы белгілеуге және тағы басқаларға қатысты нормаларын қолдады.
Дегенмен депутаттардың республикалық бюджеттен қаражат шығындарын көздейтін кейбір жекелеген ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау тапқан жоқ. Атап айтқанда, тегін медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, дипломатиялық қызмет персоналы жұмыстан шығарылғанда жәрдемақы төлеу, еңбек демалыстарын ұлғайту, дипломатиялық қызметтің ардагерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды арттыру, отбасы мүшелеріне ай сайын ақшалай төлемдер беру нормалары заң жобасынан алынып тасталды. Бастамашылар бюджет қаражатын үнемдеу қажеттігі туралы уәждерді назарға ала отырып, Үкімет қорытындысымен келісті.
- Заңға енгізілген толықтырулар дипломатиялық қызметтің беделін арттыруға бағытталған тәрізді. Енді қорытынды пікіріңіз?
- Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанның абыройы жыл санап артып келеді. Күні кеше ғана өткен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті Қазақстанның әлемдегі орнын айқын көрсетті және ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, қатысушы елдердің, беделді халықаралық ұйымдардың басшыларын қоса біліп, ортақ шешімге келтірген ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаткер екендігін тағы бір рет дәлелдеп берді. Астана Декларациясы бірауыздан қабылданғанының өзі - асқақ абырой, мәңгілік мәртебе! Оның өзі шебер дипломатияның жемісі мен жеңісі!
Сыртқы саясаттағы беделіміздің артуы - Мемлекет басшысының ұстанған бағыты мен дипломатиялық қызметке тікелей байланысты. Жалпы алғанда, бұл заң дипломатиялық қызметтің рөлін арттыруға, сол арқылы әлемдік қоғамдастықта еліміздің беделін көтеруге қызмет етеді деп сенемін.
- Рақмет әңгімеңізге. Депутаттық қызметіңіз абыройлы бола берсін.