Заңғар Нұрланұлы Шымкентте халықаралық турнирдің финалына шықты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында Shymkent Open ITF J200 турнирінің финалына шыққан теннисшілер анықталды.

Қазақстандық, жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде 149-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы жартылай финалда үндістандық Сентхил Кумарды (102 ITF Juniors) айқын басымдылықпен ұтты – 6:1, 6:2.
Қазақстанның жас жұлдызы финалда жарыстың 3-ракеткасы, сербиялық Никола Йовичпен (95 ITF Juniors) бас жүлдені сарапқа салады.
Заңғар қазіргі кезде нағыз бабында деуге болады. Ол бір апта бұрын Ферғана (Өзбекстан) ITF Juniors J200 додасында финалға дейін жеткен еді.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Недовесов бүгін Руан (Франция) челленджер турнирінің финалынан тыс қалды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов үндістандық Шрирамбалай Нараянасвамимен бірге жартылай финалда швейцариялық Якуб Поль – чехиялық Матей Вочелге есе жіберді – 2:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Қытайдағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің жартылай финалына өтті.