Заңгер электросамокат жүргізушілеріне қойылатын жаңа талаптарды түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Электросамокат қала ішінде қатынаудың жылдам әрі ыңғайлы құралына айналғанымен, оны пайдалану ережесін бұзу мәселесі әлі де өзекті. Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында заңгер Аржан Сәдуақ самокат жүргізушілері үшін маңызды талаптарды түсіндірді.
2025 жылы Алматыда электросамокаттарға қатысты 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. Ал жол қозғалысы ережесін бұзған самокат жүргізушілеріне қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Осыған байланысты электросамокаттарды пайдалануға қатысты талаптар күшейтіліп отыр.
Заңгердің айтуынша, өзгерістердің бірі электросамокаттарды сәйкестендіруге қатысты. Бұдан былай әр самокатқа жеке нөмір берілуі қарастырылып отыр. Бұл жол-көлік оқиғасы немесе құқықбұзушылық болған жағдайда көлік құралын және оның пайдаланушысын анықтай алады.
– Бұған дейін самокаттарға нөмір берілмейтін. Сондықтан қандай да бір жағдай болған кезде сол самокатты пайдаланушыны анықтау қиын еді. Енді әр самокатқа нөмір беру қарастырылып отыр, – деді заңгер.
Маман самокаттардың қозғалыс жылдамдығына да назар аударды. Оның айтуынша, жылдамдықты шектеу талаптары күшейтіледі. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған тротуарда самокатпен жүруге болмайды.
– Тротуарда самокатпен жүруге тыйым салынған. Ол жерден самокатты қолмен түсіріп, жаяу алып өту керек. Ал велосипед пен самокаттарға арналған арнайы жолақтар болса, сол жолақпен жүру міндетті. Егер белгіленген талаптарды сақтамаса, бұл әкімшілік құқықбұзушылық ретінде саналады, айыппұл 10 АЕК-тен басталады, – деді Аржан Сәдуақ.
Заңгердің сөзінше, мұндай талаптың күшеюіне жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де себеп болып отыр. Себебі самокаттардың тротуарда жүруі адамдарды қағып кету немесе жарақаттау жағдайларына әкелуі мүмкін.
Егер алғашқы рет ереже бұзған адам ешкімге қауіп төндірмесе, ауызша ескерту жасалуы мүмкін. Ал жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Маманның айтуынша, самокат жүргізушісіне қойылатын талап оның көлік құралының жеке меншікте немесе жалға алынғанына қарамастан бірдей қолданылады. Сондай-ақ жолға шығатын адамда жүргізуші куәлігі болуы және қауіпсіздік талаптарын сақтауы керек.
Электросамокатты пайдалану кезінде жолаушы тасымалдауға да жол берілмейді, яғни бір самокатта бір ғана адам болуы керек.
Заңгер кәмелетке толмағандардың жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, құқықбұзушылық жасаған адамның жасына қарай жауапкершілік мәселесі қарастырылады. 16 жастан бастап азаматтың өзі жауап бере алады, ал одан кіші жастағы балалардың құқықбұзушылығы үшін ата-анасы жауапты.
Айта кетейік, электросамокаттарға қатысты бірқатар талап 25 тамыздан бастап қолданылуы жоспарланған.