Заңгер кеңесі: жүргізуші айыппұлдың күшін қалай жоя алады
АСТАНА. KAZINFORM – Жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлмен келіспеген жүргізуші оны даулай алады. Бірақ бұл үшін қайда жүгіну керек, шағым беруге қанша уақыт бар және қаулыны жоюға қандай дәлелдер негіз бола алады? Осы сұрақтарға Kazinform тілшісіне берген сұхбатында заңгер Арыс Данағатов жауап берді.
Айыппұлды төлеуге асықпау керек
Заңгердің айтуынша, айыппұлмен келіспеген жүргізуші алдымен қаулыны мұқият тексеруі керек. Құжатта құқық бұзушылықтың күні, уақыты мен орны, көліктің мемлекеттік нөмірі, жүргізуші туралы деректер мен көрсетілген бап дұрыс жазылғанына көз жеткізген жөн. Осы мәліметтердің кез келгеніндегі қате немесе сәйкессіздік шағымдануға негіз болуы мүмкін.
Келесі қадам – өз уәжін дәлелдейтін материалдарды жинау. Ол үшін бейнетіркегіш жазбасын сақтап, оқиға болған жерді, жол белгілері мен таңбаларын фотоға түсірген жөн. Ал куәгерлер болса, олардың байланыс деректерін жазып алған дұрыс.
Қайда жүгінуге болады?
ІІМ мәліметінше, қаулымен келіспеген азамат оны шығарған органға немесе сотқа шағымдана алады. Сондай-ақ өтінішті Qamqor.gov.kz сайтындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қоғамдық секторы арқылы немесе «Е-Өтініш» жүйесімен жолдауға болады.
Арыс Данағатовтың айтуынша, тәжірибеде жүргізушілер алдымен мәселені жоғары тұрған лауазымды тұлға арқылы шешуге тырысады. Бұл – уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беретін жол. Егер шағым қанағаттандырылмаса, шешімге сот тәртібімен дау айтуға болады. Мұндай іс құқық бұзушылық жасалған жердегі немесе азаматтың тұрғылықты жері бойынша сотта қаралады.
Шағымдануға қанша уақыт беріледі?
Айыппұлға шағымдану мерзімі – 10 тәулік. Ол қаулының көшірмесі тапсырылған күннен бастап есептеледі. Егер азамат қаулы шығарылған кезде болмаған болса, мерзім құжатты нақты алған сәттен басталады.
Мерзімді өткізіп алу шағым беру құқығынан айырмайды. Мұндай жағдайда азамат шағымында мерзімді не себепті сақтай алмағанын көрсетуі керек. Науқастану, шетелде жүру немесе хабарламаны уақытында алмау сияқты жағдайлардың негізділігін орган немесе сот жеке бағалайды.
Шағымды қалай жазу керек?
Шағымның арнайы міндетті үлгісі жоқ. Оны еркін формада өз бетінше жазуға болады. Құжатта:
- шағым кімге жолданатыны;
- өтініш берушінің аты-жөні, мекенжайы және байланыс деректері;
- қай қаулыға, оны кім және қашан шығарғанына қатысты шағым беріліп отырғаны;
- жүргізушінің айыппұлмен не себепті келіспейтіні;
- оның ұстанымын растайтын қандай дәлелдер бар екені;
- өтініш берушінің нақты талабы – қаулыны толық жою немесе өзгерту көрсетілуі керек.
Шағымға қаулының көшірмесін және қолда бар дәлелдерді қоса тіркеген жөн.
Қандай дәлелдер көмектеседі?
Арыс Данағатовтың айтуынша, іске қатысы бар кез келген дәлелді пайдалануға болады. Олардың қатарында бейнетіркегіш пен бейнебақылау камераларының жазбалары, жол белгілері мен таңбалардың фотосуреттері, телефон немесе навигатордағы геолокация деректері, сондай-ақ куәгерлердің түсініктемелері бар.
Егер құқық бұзушылық камера немесе радар арқылы тіркелсе, заңгер техникалық құралдың тексеруден өткені туралы құжаттарға да назар аударуға кеңес береді. Құқық бұзушылық тіркелген кезде техникалық құралдың тексеру мерзімі өтіп кеткен болса, бұл шағымдану кезінде маңызды дәлел болуы мүмкін.
Жүргізушілер айыппұлға не себепті жиі шағымданады?
Заңгердің айтуынша, айыппұлға шағымдануға бірнеше жағдай негіз бола алады. Біріншісі – құқық бұзушылықтың шын мәнінде орын алмауы. Мәселен, жол белгісі көрінбеген, таңба өшіп қалған немесе камера басқа көлікті қателесіп тіркеген болуы мүмкін.
Екіншісі – материалдарды рәсімдеу кезінде жіберілген қате мен рәсімдік талаптардың сақталмауы. Оған деректердің дұрыс көрсетілмеуі, жүргізушінің процессуалдық құқықтарының бұзылуы немесе жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуі жатады.
Үшіншісі – құқық бұзушылық жасалған сәтте көлікті басқа адам айдауы. Бұл әсіресе камера арқылы тіркелген айыппұлдарға қатысты өзекті. Атап айтқанда, көлік бір адамның атына тіркелгенімен, рөлде басқа адам болуы мүмкін.
Алайда мұндай шағымдардың қаншасы қанағаттандырылатыны туралы нақты статистика жоқ. ІІМ мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты шағымдар бойынша жеке есеп жүргізілмейді. Сондықтан жыл сайын қанша айыппұлдың күші жойылғаны немесе өзгертілгені жөнінде ресми дерек жарияланбайды.
Шағым қаралып жатқан кезде айыппұлды төлеу керек пе?
ІІМ мәліметіне сәйкес, тиісті түрде хабардар етілген сәттен бастап 10 тәулік ішінде берілген шағым айыппұлдың орындалуын оны қарау кезеңінде тоқтата тұрады.
Айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуге ерекше назар аударған жөн. Заңгердің айтуынша, мұндай төлем құқық бұзушылықпен келісуді білдіреді және іс мәні бойынша қаралды деп есептеледі. Сондықтан жүргізуші айыппұлға дау айтқысы келсе, шағым бермей тұрып оны жеңілдікпен төлемегені дұрыс.
Заңгер айыппұлды жоюдың негізгі себептері ретінде хаттамада немесе қаулыда жіберілген қателерді, құқық бұзушылықты растайтын жеткілікті дәлелдердің болмауын, көлік, құқық бұзушылықтың орны немесе уақыты туралы деректердің сәйкес келмеуін, жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуін, жүргізушінің процессуалдық құқықтарының бұзылуын, камера немесе радардың тиісті тексеруден өтпеуін, сондай-ақ заң бабын дұрыс қолданбауды атап өтті.
Шағым қанағаттандырылмаса не істеу керек?
Заң бойынша шағым оның келіп түскен күнінен бастап 10 тәулік ішінде қаралуы тиіс. Жекелеген жағдайларда бұл мерзім тағы 10 тәулікке ұзартылуы мүмкін.
Егер жоғары тұрған лауазымды тұлға шағымды қанағаттандырудан бас тартса, оның шешіміне сот арқылы шағымдануға болады. Ал бірінші сатыдағы соттың шешімін, өз кезегінде, жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады.
Айта кетейік, Астанада 306 рет жол ережесін бұзған жүргізуші қамауға алынды.