Заңнамалық өзгерістердің арқасында жария етуге қызығушылық артып отыр - Е. Біржанов

Мемлекет басшысының бес институттық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында былтыр жария ету заңнамасына өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтқанда, құқық қорғау, басқа мемлекеттік органдары, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қосымша қорғалу бөлігінде қылмыстық жауаптылыққа дейін қылмыстық заңнама нормаларын нақтылау және қатаңдату қарастырылады. Екіншіден, қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жария ету барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді. Үшіншіден, мүлікке жария етуді өткізу процесінде мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеуші туралы алған мәліметтерді және ақпараттарды ұсынуға тыйым салынды.
«Бұл өзгерістер науқан барысында оң әсерін тигізді. Ақша қаражаттарына, мүліктерді жария етуге байланысты өтініштер көптеп түсе бастады. Яғни, осыған дейінгі 15 ай ішінде атқарылғандарға қарағанда, біз соңғы 3 айда үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, үдеріс тез жүре бастады. Жария ету мен рақымшылық акциясына қызығушылар да көбейіп келеді», - деді департамент директоры.
Оның айтуынша, жария ету акциясына қатысушы тұлғалар мен нысандар туралы ақпаратты құқық қорғау органдары тергеу нысаны ретінде қарастыра алмайды. Яғни, мемлекеттік кірістер органдарына, әкімдіктер жанында құрылған комиссияларға, екінші деңгейлі банктерге белгілі болған ақпараттар салықтық және банктік құпия болып қалады.
«Осы рақымшылық акциясына қатысатын мүліктің, жария етілетін қаражаттың барлығы да, олар туралы ақпараттар да тергеу нысаны бола алмайды. Олар тәркілеуге де жатпайды», - деді Е. Біржанов.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен капитал мен мүлікті жария ету науқаны 2014 жылы басталған болатын. Былтырғы жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы заңнамалар топтамасында жария ету бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді.