Заңсыз шығарылған динозавр қалдықтары Франциядан Моңғолияға қайтарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Динозаврлардың заңсыз әкетілген қалдықтары Франциядан Моңғолияға қайтарылады. Бұл туралы Монцамэ жазды.
Моңғолияға Француз Республикасының құқық қорғау органдары 2013 және 2015 жылдары тәркілеген динозаврлардың қазба қалдықтарын өтеусіз беру туралы актіге қол қою рәсімі 2025 жылғы 8 желтоқсанда Парижде өтті.
Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігінің мәліметінше, қазба қалдықтары Бразилиядан Францияға келген кемені тексеру барысында және «Creazaurus» компаниясының үй-жайларынан табылған.

2015 жылы осы дерек бойынша тергеу басталған. 2016 жылы Франция Моңғолияның Бас прокуратурасына өзара құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жолдап, соның негізінде Моңғолияда тергеу жүргізілген, оның нәтижелері француз тарапына хабарланған.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, Францияның Лион қаласында тәркіленген тарбозавр батаардың қазба қалдығы моңғолиядан шыққаны анықталды.

Моңғолия мен Францияның құқық қорғау органдары, дипломатиялық өкілдіктері және тиісті министрліктері арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде 2025 жылғы 10 маусымда Лион апелляциялық соты Моңғолияға динозаврлардың 29 жинақ қазба қалдығын қайтару туралы шешім шығарды. Осылайша, он жылдан астам уақытқа созылған сот процесі ақыры аяқталды.

Қайтарылған қазба қалдықтарының құрамына тарбозавр батаарлардың, тероподтар мен овирапторозаврлардың толық қаңқалары, сондай-ақ тістер, қабырғалар, жақ сүйектері, тырнақтар, ортаңғы ми және тобық сүйектері кіреді. Бұдан бөлек, ғылым үшін аса құнды көптеген өзге де олжа — тероподтар мен овирапторозаврлардың жұмыртқалары да қайтарылды.
Рәсімге қатысушылар Моңғолияның мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және меншік құқығын беруге тыйым салу мен оның алдын алу жөніндегі ЮНЕСКО конвенциясына (1970 ж.) және ұрланған немесе заңсыз әкетілген мәдени құндылықтар туралы УНИДРУА конвенциясына (2024 ж.) қосылуы қазба қалдықтарын қайтару үдерісіне оң ықпал еткенін атап өтті.

Қол қою рәсіміне Моңғолияның Мәдениет министрі Чинбатын Ундрам, Француз Республикасының Экономика және қаржы министрі Амели де Моншален және екі елдің ресми тұлғалары қатысты.
Рәсім барысында сөз сөйлеген министр Ундрам Моңғолияның заңды құқықтарын қорғауға және артефактілерді қайтаруға ықпал еткен екі елдің ұйымдары мен ресми тұлғаларына алғысын білдірді. Ол мәдени құндылықтарды ұрлау мен заңсыз саудаға итермелейтін ашкөздік әлемдегі ешбір халықтың немесе мекеннің қадір-қасиетін төмендетпеуі тиіс екенін атап өтті. Моңғолияның Мәдениет министрлігі бұл ынтымақтастықты дамытуға барлық тараптың қатысуын қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Алдын ала жоспар бойынша, қайтарылған динозавр қазба қалдықтары заманауи ғылыми әдістерді пайдалана отырып, жан-жақты зерттеу жүргізу үшін Табиғи тарих музейіне тапсырылады. Артефактілердің бір бөлігі 2026 жылы ашылуы жоспарланған Ұлттық жаратылыстану ғылымдары музейінің палеонтология бөліміне орналастырылады.