Заңсыз айналымнан зияткерлік меншік саласында 78 711 контрафактілік өнім тәркіленді – Әділет министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде зияткерлік меншік саласына цифрлық шешім енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы толығырақ Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтып берді.

- Зияткерлік меншік авторлары құқығының ашықтығы мен қорғалуын күшейту үшін авторлық және ұжымдық басқару саласында цифрлық платформа енгізіледі. Тараптар жеке кабинет арқылы барлық өнер туындысының қай жерде қаншалықты орындалып жатқанын біле алады. Сол сияқты қандай төлемақы тиесілі екенін және жыл соңында қанша қаражат алатынын онлайн режимде бақылау мүмкіндігі бар, - деді Талғат Уәли Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми өкіл келтірген мәліметке сүйенсек, аумақтық әділет органдары зияткерлік меншікті тағайындау барысын тексеру туралы 156 акті шығарды. Оның нәтижесінде 138 заңбұзушылық анықталды.
- Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша 142 іс қозғалды. Заңсыз айналымнан 78 711 контрафактілік өнім тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, - дейді ол.
Еске салайық, биыл 23 сәуірде Мәжіліс зияткерлік меншікті дамытуға жағдай жасайтын құжатты мақұлдады.